Accessibility links

Қаңтар оқиғасынан соң жаңаөзендік белсендінің банк шоты бұғатталып, өзі полицияға шақырту алды 


Белсенді Серік Тілеубаев.
Белсенді Серік Тілеубаев.

21 сәуірде жаңаөзендік азаматтық белсенді Серік Тілеубаев қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөліміне әзірге жай-жапсары белгісіз қылмыстық істің куәгері ретінде шақырту алды. Оның Kaspi банкіндегі есепшоты мен картасы да бұғатталып, банк онымен келісім-шартты біржақты үзген.

42 жастағы Серік Тілеубаев азаматтық белсенді және “Ел білсін” деп аталатын өзі жуырда ашқан жергілікті жеке Youtube арнасы бар танымал блогер. Ол - Жаңаөзенде 2 қаңтарда бастау алған жергілікті Qazaq Gaz өңдеу зауытынан шығатын сұйытылған автомобиль газының қымбаттауына қарсы митинг жетекшілерінің бірі.

Сәрсенбіде Жаңаөзен қалалық полиция басқармасының тергеу бөліміне шақыртуды оған учаскелік полиция инспекторы берген, бірақ себебін түсіндірмей, мән-жайды барғанда білетінін ескерткен.

Ол ақпан айының соңынан бері Kaspi банктегі жалғыз картасы мен есепшотында қиындықтар туындағанын, бірақ оған басында аса мән бермегенін айтады.

– Кей қарыз алған таныстарым “Серік, саған ақша сала алмай жатырмыз, картаңда проблема, жабылған” деді. Мен бәлкім, интернет нашарлығынан болар деп мән бермедім. Бірақ өзім Kaspi банкіне хабараласқанымда олар “ешқандай бұғат жоқ, шотыңыз ашық” деген. Арнайы барып, олар талап еткен сауалнама қағазын толтырдым. Ол жерде “қаражат көздерін қайдан аласыз” дегенге келетін сауал болды. Мен ағайын-тумалар арасындағы отбасылық шараларға ақшаны жинайтыным рас деп жаздым, - дейді.

Серік Тілеубаев сауалнама толтырған соң Kaspi банктен онымен келісім-шарттың бұзылатыны туралы хат алған. Ол хатта қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың 13-бабына ("Ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен операцияларды жүргiзуден бас тарту және оларды тоқтата тұру") сілтеме жасап, тұтынушы ретінде келісім-шарттың тоқтайтыны хабарланған.

– Мен мұны Қаңтар митингісімен байланыстырамын. Себебі Жаңаөзенде қаңтардың 2-3 күндері алаңға келген адамдар, таксистер де бар, өзара келісіп, "біреудің Kaspi картасын шығарыңдар, ортаға қаражат шығарып, ереуілге қатысатындардың ас-суына жәрдем қылайық” деп ұсыныс тастаған. Сөйтіп, менің Kaspi картам таралып кетті. Кейін оны Facebook әлеуметтік желісінде де Қазақстанның басқа өңіріндегі адамдар сұрап алып, Жаңаөзендегі митингіге қатысушыларға қолдау білдірді. Бірақ ол бір үлкен көлемдегі қаражат емес еді және мен өз есепшотымды әлеуметтік желіге салып, ешкімнен ақша жинағаным жоқ, - дейді Серік Тәлеубаев.

Ол сол кезде жиналған қаражаттың митинг үшін жұмсалғанын айтады.

Азаттық тілшісі Серік Тілеубаевты не үшін полицияға шақырғаны туралы білу үшін Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына қоңырау шалғанмен, ешкім тұтқаны көтермеді. Ал Тілеубаевтың аты-жөні "терроризмді қаржыландырушы тұлғалардың" тізімі ілінген Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми сайтынан табылмады. Азаттық тілшісі агенттікке арнайы сұрау салған еді, олар белсендінің мәліметтерін алып, тексеріп көруге уәде берді.

19 сәуірде Қаңтар қырғынын тергеудің барысы туралы мәлімдеген Бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжанов "Алматы облысында мүлікті қиратып, мемлекеттік нысандарды басып алуға қатысушыларды қаржыландырғандар анықталғаны" туралы айтқан.

“Қаңтар оқиғасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларын анықтау және оларды жауапқа тартуға қатысты тергеу қызу жүріп жатыр. Алматы облысында "О" және "Н" есімді азаматтар анықталды. Олар Талдықорған қаласында қиратулар, мүлікті жою және мемлекеттік нысандарды басып алуға қатысқандарды қаржыландырған. Әрбір қатысушыға 20-дан 100-ге долларға дейін төленген" деген Елдос Қилымжанов.

Бұған дейін кейбір белсенділер "полиция тапқан табысымызды тәркіледі" деп тергеу органдарының әрекетіне шағымданған.

  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады. Халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен зерттеуге үндегенмен Нұр-Сұлтан ұсынысты кері қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG