Accessibility links

Жамбыл облысында әскерге жаңа алынған сарбаз мерт болды. Туыстары кінәлілерді жазалауды талап етті


Жамбыл облысындағы әскери бөлім. Көрнекі сурет.
Жамбыл облысындағы әскери бөлім. Көрнекі сурет.

22 сәуірде Жамбыл облысы Гвардейский елді мекеніндегі госпитальда 18 жастағы жауынгер Әлібек Қалбай қаза болды. Оның өліміне қатысты тексеру басталды, деп хабарлады қорғаныс министрлігі сенбі күні.

Министрлік мәліметінше, қатардағы жауынгер Қалбай "таңертеңгі сапқа тұру кезінде есінен танып қалған". Қажетті көмек көрсетілгенмен есін жимаған күйі көз жұмған.

Министрлік хабарламасында солдаттың өліміне қатысты жүргізіліп жатқан тексерістің мән-жайы айтылмаған. Күдіктінің бар-жоғы жазылмаған.

Ал марқұмның туыстарына сүйенген Lada.kz сайтының жазуынша, Ақтауда туған, әскерге жаңадан алынған 18 жастағы Әлібек Қалбай Жамбыл облысы Қордай ауданындағы 30212 әскери бөліміне 18 сәуірде ғана келген. 22 сәуірде туыстарына әскери бөлім өкілдері хабарласып, Әлібек Қалбайдың қаза болғанын хабарлаған. Жұма күні кешке марқұмның әкесі мен туыстары медициналық сараптама үшін Ақтаудан ұшып келген.

"Оның денесінің көгерген тұстары көп. Әскери бөлім өкілдері кінәлі адам қамалғанын хабарлады. Бірақ біз мұның рас-өтірігін біле алмай отырмыз. Оны көрсеткен жоқ. Барлық қазақстандықтарды бұған бейжай қарамауға шақырамын. Бүгін менің бауырым болса, ертең тағы басқа біреу болуы мүмкін. Бұл өз елінде әскери борышын өтеу үшін барып, қаза болған алғашқы бала емес. Оның ата-анасы мен туыстары қайғыдан қан жұтып жатыр. Кінәлілердің жазаланғанын қалаймыз. Мұнымен тоқтамаймыз" деді Әлібек Қалбайдың әпкесі Әлия Қалбай Lada сайтына.

Қазақстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың қаза болғаны немесе "суицид жасағаны" жайлы ақпарат жиі шығады. Былтыр қазанда Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген жауынгердің "өз-өзіне оқ атып" мерт болғаны хабарланған. Бірақ марқұмның туыстары ресми хабарламаға күмәнмен қараған. Оның алдында көктемде Жамбыл облысында бір сарбаз казарма терезесінен секіріп мерт болды. Сарапшылар әскери бөлімдерде әлімжеттік жиі кездесетінін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG