Accessibility links

Зеленский: Украина Ресей бақылауындағы аймақтарды көп ұзамай өзіне қайтарады


Владимир Зеленский.
Владимир Зеленский.

Украина президенті Владимир Зеленский 23 сәуірде Киев метрополитенінде баспасөз жиынын өткізді.

"Ресей бақылауға алған жаңа аймақтарда "халық республикаларын" құру жөнінде референдум өтуі мүмкін. Бұған не айтасыз?" деген сұраққа Зеленский:

– Егер Мариупольдегі адамдарымызды қырса, жаңа псевдореспубликаларда псевдореферендумдар жарияланса, Украина барлық келіссөз процестерінен шығады, – деді.

Украина президенті Ресей басқыншылығына қарамастан келіссөзді қолдайтынын және Владимир Путинмен кездесуге дайын екенін жеткізді.

Зеленский сонымен бірге Украина соғыс кезінде Ресей армиясы бақылауға алған аймақтарды қайтаратынын да айтты.

"Қару-жарағымыз көбейсе, алға жылжимыз, жерімізді қайтарамыз. Бұл ондаған жылдан кейін болатын нәрсе емес" деді Украина президенті. Ол батыс елдеріне қару-жарақпен көмектескені үшін алғыс айтты.

Зеленскийдің айтуынша, жексенбі күні Киевке АҚШ мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрі келуі тиіс. Олармен қару-жарақ жеткізу мәселесі талқыланады.

Украина президенті қазір Мариупольді әскери жолмен азат ету мүмкін емес екенін айтып, Ресейді мәселені гуманитарлық жолмен шешуге яғни, "Азовсталь" зауытында қоршауда қалған украин әскері мен бейбіт тұрғындарды Ресей тұтқындарына алмастырып, босатуға үндеді.

Зеленский сонымен бірге Ресей тұрғындарын соғысқа қарсы шығып, ұстанымдарын айқын жеткізуге шақырды. Ресей пропагандасын меңзеген президент Ресей азаматтарының вируталды "өз әлемінде" өмір сүріп жатқанын айтып, шынайы "өркениетті әлемге" оралуға шақырды. Ресейде соғысқа қарсы шыққандарға алғыс айтып, бірақ ондай адамдар аз екенін, бірақ Ресей билігінің олардан қорқатынын жеткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG