Украинадағы басқыншылығына байланысты Батыс санкциясына ұшыраған Ресей ішкі-сыртқы қарыздары, мұнай өндірісі мен экспортының көлемі және өзге де маңызды экономикалық көрсеткіштерін жариялауды доғарды. Бұл жөнінде The Wall Street Journal басылымы жазды.
Ақпаратқа қарағанда, Федералдық кеден қызметі экспорт және импорт жайлы ай сайынғы мәліметін жариялауды тоқтатқан. Шектеулер банк секторындағы мәселелерді жасыруға мүмкіндік береді, дейді сарапшылар. Орталық банктер де сыртқы қарызы жайлы кезең-кезең бойынша шығып отыратын ақпаратты жариялауды тыйған.
Мұндай амал-әрекеттер шет мемлекетке негізгі экономикалық мәліметтерді беруге тыйым салатын заң жобасымен қатар жүзеге асырылып жатыр. Басылымның болжамынша, бұл санкциядан кейінгі Ресей экономикасының шынайы жағдайын жасыру үшін жасалып отыр. Мұндай қадам алдағы санкциялардың нақты параметрлерін де күрделендіре алады. Экономикалық ақпараттың жоқтығы санкцияның Ресей экономикасына әсерін бағалауды да қиындатады.
Осыған дейін көптеген сарапшылар халықаралық қаржы нарығына ену мүмкіндігі шектелген Ресей экономикасының рецессия, жоғары инфляция мен жұмыссыздыққа кезігетінін болжаған.
Ресей үкіметі инфляция, ЖІӨ және өзге де бірқатар көрсеткіштерді жариялауды тоқтатпағанмен олардың көлемі азайған.
ПІКІРЛЕР