Accessibility links

Франция президенті Эммануэль Макрон екінші мерзімге сайланды  


Эммануэль Макрон
Эммануэль Макрон

Францияда жексенбі, 24 сәурірде өткен президент сайлауының екінші кезеңінде Эммануэль Макрон жеңді. Осылайша Макрон соңғы 20 жылда қайта сайланған алғаш президент атанды. Оның қарсыласы "Ұлттық бірлік" әсіре оңшыл күштерінің өкілі Марин Ле Пен өзінің жеңілгенін мойындап үлгерді.

Францияның ірі қалаларында сайлау учаскелері жергілікті уақытпен 20:00 (Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі 12:00), ал өзгелері бір сағат ерте жабылған. Алдын ала нәтижеге сай Макрон сайлаушылардың 58,8 пайыз дауысын жинаған, ал Ле Пенде — 41,2 пайыз дейді, Le Figaro басылымы.

Дәл осы екі үміткер бес жыл бұрын, 2017 жылдың мамырында өткен президент сайлауының екінші турында да кездескен еді. Бірақ ол кезде Макрон едәуір көп дауыс жинаған. Сайлаушылардың 66,1 пайызы Макронға, ал Ле Пенге 33,9 пайызы дауыс берген.

Бұл жолы 44 жастағы Макронға жанармай бағасы мен салықтың қымбаттауына наразы болып, бірнеше ай бойы жаппай наразылық ұйымдастырған "сары жилеттер" тобының өкілдері қарсы болған. 53 жастағы Ле Пен болса елдің Еуроодақтан шығуын қолдаудан де-факто бас тартып, риторикасын бәсеңдеткен.

Егер Ле Пен билікке келсе Еуропалық Одаққа нұқсан келуі мүмкін деген қауіппен, бірқатар еуропа елдерінің жетекшілері Макронды қолдаған еді. Олар Ле Пенді, Ресей президенті Владимир Путинге деген жылы көзқарасы үшін де сынаған.

Макрон Ресейдің Украинаға шабуылынан кейін Владимир Путинмен байланысын үзбеген. Дегенмен, оның позициясы күшейіп келеді. Макрон әкімшіліні Ресейден келетін мұнай мен газға эмбарго жариялауға даяр екенін айтып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG