Accessibility links

"Саяси тұтқын" Асқар Қайырбек қамауда таяқ жеген. ҚАЖД белсендінің денесі көгергенін айтады


Астананың бірнеше белсендісі бас прокуратураға келіп, Асқар Қайырбектің жағдайын тексеруді талап етті. Нұр-Сұлтан, 25 сәуір, 2022
Астананың бірнеше белсендісі бас прокуратураға келіп, Асқар Қайырбектің жағдайын тексеруді талап етті. Нұр-Сұлтан, 25 сәуір, 2022

Петропавлдағы ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтық белсенді Асқар Қайырбекты түрмеде ұрып-соққаны айтылды. Бұл туралы Азаттыққа астаналық белсенді Ербол Есхожин хабарлады.

- 25 сәуірде таңертең хабарласып, түрмеге арнайы жасақ кіргенін өзін ұрып кеткенін айтты. "Үстім көгала қойдай, адвокат керек, прокурор келсе, арыз жазамын" деді. Дауысынан ашуланып, ызаланып тұрғанын сезілді, - деді Ербол Есхожин.

Осы ақпаратқа байланысты нұр-Сұлтандық бірнеше белсенді бас прокуратураға келіп, осы фактіні тергеп-тексеруді талап етіп, арыз тастап кетті. Келген төрт белсендіні сырттан полиция бақылап тұрды.

Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Асқар Қайырбектің денесінен көгерген іздердің барын растағанымен, қазір жағдайы бірқалыпты екенін айтты.

"23 сәуірде ЕС-164/3 мекемесінде СҚО прокуратурасы, полиция департаменті мен қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің қатысуымен тінту жүргізілді. Осыдан кейін мекеменің медициналық бөлім қызметкерлері сотталушы Аасқар Қайырбек денесінің екі жерінде көгерген іздерін байқаған. Сотталушының сөзінше, бұл арнайы құралдарды пайдаланған ұлттық гвардия қызметкерлерінің әрекетінен кейін пайда болған. Бұл факт тіркеліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін Петропавл полиция департаментіне жіберілді" делінген ҚАЖД жіберген жауапта.

Асқар Қайырбек бір адамдық пикетте. Нұр-Сұлтан, 18 тамыз 2019 жыл.
Асқар Қайырбек бір адамдық пикетте. Нұр-Сұлтан, 18 тамыз 2019 жыл.

45 жастағы Асқар Қайырбек екі жыл екі ай түрме жазасын өтеп жатыр. Ол 2020 жылы қыркүйекте ұсталып, былтыр маусымда бір жарым жылға сотталды. Сот үкімі бойынша ол бес жыл қоғамдық-саяси жұмыспен де айналыса алмайды. Оны "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына (қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған ұйымды Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған ) қатысы бар деп айыптаған. Былтыр 2 қыркүйектегі сот қаулысынан соң Асқар Қайырбекке тағы да 6 ай түрме жазасы қосылды.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтан билік сыншыларының үнін тұншықтыру үшін "экстремизммен күрес" бабын асыра пайдаланады деп мәлімдеген. Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін 405-бап бойынша сотталған белсенділердің шешімдерін қайта қарауды ұсынған. Бұл ұйымның мәлімдемесінде Асқар Қайырбектің де аты аталады. Құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен белсенділерді дереу босатуға шақырған.

Асқар Қайырбек - Нұр-Сұлтандағы наразылық акцияларына қатысып, жер сатпауды, адам құқығының сақталуын, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп жүрген белсенді. Сол үшін бірнеше рет 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG