Accessibility links

Алматыда сот "5 адамды өлтірді" деп айыпталған Дужновты өмірлік түрме жазасына кесті


Ақбұлақ ауданында атыс болған аймақ. Алматы, 20 қыркүйек 2021 жыл.
Ақбұлақ ауданында атыс болған аймақ. Алматы, 20 қыркүйек 2021 жыл.

Алматы қаласы қылмыстық істер бойынша ауданаралық сот 26 сәуірде қала тұрғыны Игорь Дужновты бес адамның өліміне айыптап, өмір бойына түрме жазасына кесті. Сот оны шетелдегі қақтығысқа қатысты деген айып бойынша да кінәлі деп тапты. Үкімге сай, Дужнов жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуі тиіс.

Дужнов былтыр 20 қыркүйекте Алматы түбіндегі Ақбұлақ ықшамауданында отбасын үйден шығару туралы сот шешімін орындатуға келген сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне оқ атқан. Атыстан бес адам – екі полиция қызметкері, бір сот орындаушы және үйдің жаңа иесі мен оның досы – қаза болған. Оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Билік өкіліне күш қолдану" бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалған еді.

Сот үкім шығарарда Дужновтың «айыбын мойындамағанын», «оның қоғамға қауіп төндіретінін» ескерген.

Сот құжаттарына сай, Дужнов 2014-2019 жылдары кредитін төлемегендіктен банк сот орындаушыларға қайырылған, сот орындаушылары Дужновқа алдын ала ескертіп, сот шешімін орындатуға келген. Дужнов отбасының банкке берешегі 121,6 млн теңге болған.

Сотта Дужнов айыбын мойындаудан бас тартып, қаза болған бес адам 20 кыркүйек күні «өзін және отбасы далаға қуып шығу үшін үйіне заңсыз келгенін» айтқан. Ол ұсталған соң полиция тарапынан таяқ жегенін де мәлімдеген.

Дужнов соттан Украина шығысындағы қарулы қақтығысқа қатысты деген айыпты алып тастауды да сұраған. Ол бұл істе қылмыс құрамы жоқ деген және Донбассқа «бейбітшілік орнатуға барғанын» алға тартқан.

Бұл іс бойынша сот отырысы 18 наурызда басталған. Жарыссөзде прокурор соттан Дужновты өмір бойына соттауды сұраған. Ал айыпталушының адвокаттары Ақбұлақтағы оқиғадан соң билік ипотекалық қарыздар мәселесіне баса назар аудара бастағанын айтқан еді.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Екі тараптың апелляцияға шағым түсіруге құқығы бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG