Accessibility links

ОСК: Президент жарлығынан кейін референдум мерзімі және талқыға шығарылатын сұрақтар анықталады


Орталық сайлау комиссиясының өкілі Шавкат Өтемісов. Нұр-Сұлтан 4 мамыр 2022 жыл.
Орталық сайлау комиссиясының өкілі Шавкат Өтемісов. Нұр-Сұлтан 4 мамыр 2022 жыл.

4 мамырда мәжіліс "Республикалық референдум туралы" заңға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасын мақұлдап, сенатқа жіберді.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, жоба бюллетень формаларын бірізділікке түсіруді көздейді.

Орталық сайлау комиссиясының өкілі Шавкат Өтемісовтің айтуынша, Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдумның мерзімі президент жарлығы шыққаннан кейін белгілі болады. "Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" деген мәртебе беру туралы өзгерісті қалайсыз ба, жоқ па?" деген сұрақ бюллетеньге енгізіле ме?" дегенде ОСК мүшесі: "бұл мәселе президент жарлығы шыққаннан кейін белгілі болады" деді.

"Қазіргі кезде заң жобасы Конституциялық кеңесте қаралып жатыр. Яғни, тіпті қазір енгізіліп жатқан нұсқаның өзі Конституциялық кеңестің шешімімен өзгеруі мүмкін. Дәл қазір қандай редакция болатыны белгісіз" деді Шавкат Өтемісов.

Қазақстанда "Референдум туралы" заңның 3-бабында референдумда "Назарбаевтың ерекше мәртебесі талқыланбайды" деп жазылған. Сенатқа жіберілген заң жобасында бұл бапқа өзгерістер енгізілді ме, жоқ па, ол жағы да белгісіз қалды. ОСК мүшесі барлығы "президент жарлығы шыққан кезде белгілі болады" деді.

Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынған еді.

Жалпы алғанда 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. 25 сәуірде Конституцияға түзетулер енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобы өздері дайындаған өзгертулерді жариялаған. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған. Арасында бірінші президентке "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" мәртебесін беру туралы ұсыныс та бар. Бұл ұсыныс қоғамда сынға қалып, халық тарапынан қарсылыққа ұшыраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG