Accessibility links

Сенат экс-президенттің мәртебесіне қатысты түзетулер ұсынып, референдум туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды


Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен. Нұр-Сұлтан, 5 мамыр 2022 жыл.
Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен. Нұр-Сұлтан, 5 мамыр 2022 жыл.

Сенат республикалық референдум туралы заң жобасына бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты түзетулер енгізуді ұсынып, мәжіліске қайтарды. Сенат ұсынған норма Конституцияда бекітілген бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесін референдумға шығаруға тыйым салатын норманың күшін жояды. Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен 5 мамырда сенат кулуарында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, референдум туралы заңда бірінші президенттің мәртебесін референдумға шығаруға тыйым салатын норма болған. Сүлейменнің айтуынша, сенат осы пунктіні алып тастап, заң жобасын мәжіліске қайтарған.

Сенат ұсынған жобаға сәйкес, республикалық референдум туралы заңның 3-бабы 2-пункті референдум кезінде "мемлекет тәуелсіздігі, біртұтастығы және территориялық тұтастығы, оның басқару формасы және тәуелсіз Қазақстанның негізгі принциптері" мәселелерін ғана талқылауға шығаруға тыйым салады. Құжаттың қазіргі редакциясында бұл норма сонымен бірге "Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасының мәртебесін өзгертуге" әкелетін сұрақтарды жалпыхалықтық дауыс беруге талқылауға шығаруға тыйым салады.

Республикалық референдум туралы заңға түзетулерді депутаттар әрі қарай Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өткізе алуы үшін енгізіп отыр.

4 мамырда мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин "Назарбаевтың тарихи рөлі бәріне белгілі, сондықтан оны конституцияға жеке бекітудің қажеті жоқ" деп мәлімдеген.

Сенат депутаты Ләззат Сүлейменнің айтуынша, республикалық референдум туралы заңның 3-бабы 2-тармағына түзету енгізілгеннен кейін Назарбаев туралы мәселе референдумға шығарылмайды.

4 мамырда мәжіліс "Республикалық референдум туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдаған еді. Жобаның мақсаты бюллетеньдерді бірізділікке түсіру деп айтылған.

Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынған еді.

Жалпы алғанда 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. 25 сәуірде Конституцияға түзетулер енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобы өздері дайындаған өзгертулерді жариялаған. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған. Арасында бірінші президентке "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" мәртебесін беру туралы ұсыныс та болған. Бұл ұсыныс қоғамда сынға қалып, халық тарапынан қарсылыққа ұшыраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG