Accessibility links

Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум 5 маусымда өтуі мүмкін


Мәжіліс ғимараты.
Мәжіліс ғимараты.

Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум 5 маусымда өтуі мүмкін. Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің төрағасы Арман Қожахметов осылай деп мәлімдеді.

"Бүгін немесе ертең президент жарлығы шығады. Барлығын жарлықтан білетін боламыз. Ең қолайлы уақыт – демалыс күні, 5 маусым" деді Қожахметов.

Оның айтуынша, референдум бюллетенінде тек екі ғана жауап болады: "иә" немесе "жоқ".

"Бюллетень формасында "иә" немесе "жоқ" деген қысқа жауаптар болады. Түзетулер еліміздің барлық азаматына жеткізілуі тиіс. Олармен танысып, сосын референдумда сәйкес шешім қабылдауға тиіспіз. "Иә" дегеніміз [Конституцияға енетін түзетулерді] қолдаймын, "жоқ" деген қолдамаймын дегенді білдіреді" деді ол.

Депутаттың айтуынша, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға "қоғам үн қосқан". Ол әлеуметтік желідегі референдумға қатысты қызу талқылауларға қарап "референдумда халық белсенділігі жоғары болады" деп болжауға болады дейді.

Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынған еді.

Жалпы алғанда 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. 25 сәуірде Конституцияға түзетулер енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобы өздері дайындаған өзгертулерді жариялаған. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған. Арасында бірінші президентке "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" мәртебесін беру туралы ұсыныс та болған. Бұл ұсыныс қоғамда сынға қалып, халық тарапынан қарсылыққа ұшыраған.

4 мамырда мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин "Назарбаевтың тарихи рөлі бәріне белгілі, сондықтан оны конституцияға жеке бекітудің қажеті жоқ" деп мәлімдеген.

Тоқаев әкімшілігі өкілдерінің айтуынша, аталған конституциялық реформалар "мемлекеттің саяси моделін жүйелі түрде трансформациялауға" бағытталған және "билік тармақтары арасындағы қатынасты жетілдіріп, халықтың ел басқару ісіне араласу мүмкіндігін кеңейтуі тиіс, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуі керек". Ал сыншылар Тоқаев ұсынған бастамалар косметикалық сипаттағы өзгерістер екенін және автократ жүйенің сипатын өзгертпейтінін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG