Accessibility links

Сенат спикері Назарбаевтың мәртебесін Конституцияда бекітуге халықтың 99 пайызы қарсы деп санайды


Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесін Конституцияда бекітуді халықтың 95-99 пайызы қолдамайды деп санайды.

Оның айтуынша, қазақстандықтар Конституцияда "бірінші президентке арналған арнайы бап болмауы тиіс" деп пікірлерін "өте белсене" айтқан. Соған байланысты сенат төрағасының айтуынша, Назарбаевтың мәртебесін Конституциядан алып тастаған.

– Азаматтарымыздың бұл талабы ескерілді. Осы өзгерістер мен толықтыруларды дайындаған кезде халықтың пікірі ескерілгенін атап өту қажет. Жұрттың осыны сұрағанын өзіңіз де көрдіңіз. [Халықтың] 95-99 пайызы осы ұстанымда екеніне сенімдімін, - деді Мәулен Әшімбаев.

Orda.kz сайтының хабарлауынша, 2013 жылы Мәулен Әшімбаев мәжіліс депутаты болып тұрған тұста парламент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелері және қорының мүлкіне тиіспеу туралы түзетулерді мақұлдаған.

Бейсенбі күні сол бойынша сұрақтарға жауап берген Мәулен Әшімбаев "ол кезде бұл маңызды шешім болып көрінген" деді. "Қазір азаматтарымыздың қалау-тілектерін, көріп, естіп отырмыз" деді ол.

—Мәжілісте отырған кезеңдерім үшін ұялмаймын. Мәжіліс депутаты болған кезде айтқан әрбір сөз немесе қабылдаған әрбір шешімдерім үшін ұялмаймын. Бәлкім, қазір шындықты және шынайы жағдайды тұтас көрсетпейтін заңдар болған шығар, сол себепті оларды өзгертіп жатырмыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев 2020 жылы мамыр айында парламент сенатының төрағасы болып тағайындалған. Нұрсұлтан Назарбаев президенттігі тұсында Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры болған, президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтына жетекшілік еткен. 2006-2011 жылдар аралығында президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметін атқарды. 2018 жылдың тамызы мен 2019 жылдың маусымы аралығында "Нұр Отан" (наурыз айында "Аманат" болып өзгерген) партиясы төрағасының орынбасары болған.

Наурыз айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша бастама көтерген. Тоқаев әкімшілігі өкілдерінің айтуынша, аталған конституциялық реформалар "мемлекеттің саяси моделін жүйелі түрде трансформациялауға" бағытталған және "билік тармақтары арасындағы қатынасты жетілдіріп, халықтың ел басқару ісіне араласу мүмкіндігін кеңейтуі тиіс, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуі керек". Ал сыншылар Тоқаев ұсынған бастамалар косметикалық сипаттағы өзгерістер екенін және автократ жүйенің сипатын өзгертпейтінін айтады.

25 сәуірде Конституцияға түзетулер енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобы өздері дайындаған өзгертулерді жариялаған. Бірінші президентке "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" мәртебесін беру туралы ұсыныс қоғамда қызу талқыланып, сынға ұшыраған.

4 мамырда мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин "Назарбаевтың тарихи рөлі бәріне белгілі, сондықтан оны конституцияға жеке бекітудің қажеті жоқ" деп мәлімдеген. 22 сәуір мен 4 мамырда жарияланған Конституция кеңестің қорытындысында экс-президенттің статусы туралы айтылмаған.

XS
SM
MD
LG