Accessibility links

Нұр-Сұлтанда бір топ адам қамауда отырған туыстарының азапталғанына шағымданды


Қамаудағы туыстарының азапталғанына шағымданған азаматтар. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2022 жыл.
Қамаудағы туыстарының азапталғанына шағымданған азаматтар. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2022 жыл.

6 мамырда Нұр-Сұлтанда бір топ адам қамаудағы туыстарының азапталғанына шағынды. Айтуынша, бір жыл бұрын "ұйымдасқан қылмыстық топ құру" бабы бойынша іс қозғалып, ондаған адам қамалған. Ұсталғандардың кемінде 17-сі тергеу кезінде "азаптауға ұшыраған". Күштік құрылымдар әзірге азаптау жайлы айыптауларға жауап бермеді.

Жұма күні бас прокуратура алдына жиналғандар істің қайта қаралуын талап етіп, тергеу әділ жүргізілсе дейді.

«Былтыр 10 наурызда Семей қаласында бауырым Низами Жұмабаевты күш құрылымдары ұстап әкетіп, қамаған. Ол алтын өндіретін кәсіпорында ұрлық жасаған қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікке ілінген. Бауырым ол жерде небары төрт ай күзетші боп істеген еді. Шынын айтсақ, түсінбей қалдық», - дейді Семейден астанаға арнайы келген Меруерт Жұмабаева.

Әйелдің сөзінше, жігіттің туыстары одан тоғыз айдай хабар-ошар ала алмаған. Былтыр желтоқсанда бір рет анасымен жүздесуге рұқсат берген. Сол кезде Низами тергеушілер тарабынан қатты қысымға ұшырап, азапталғанын айтқан.

«Аузына скотч жабыстырып, сақалымен бірге жұлған. Бір нүктеге қаратып, бірнеше сағат тікесінен тік тұрғызып қойған. Аяғым талды десе, ұрып-соққан. Қинаған. «Мойындамасаң, жақындарыңа жаман болады» деп қорқытқан. Түсінбейміз, сонда Қазақстанда заң жоқ па? Органдағылар бүйтіп қоқан-лоқы көрсетсе, кімнен қорған күтеміз?», - дейді көз жасына ерік берген Меруерт Жұмабаева.

Прокуратура алдына Меруерт Жұмабаевамен бірге тағы он шақты адам келген. Бәрінің айтары бір – тергеу заңсыз жүргізіліп жатыр.

«Інім Тимур Болатұлы тура бір жыл қамауда отыр. Семейдегі алтын өндіру зауытына Батыс Қазақстаннан вахтамен барып-келіп істейтін. Үш баласы, әйелі бар. Ата-анамның шаңырағына ие болып отырған кенжеміз еді. Аяқ-астынан істі болды», - дейді Атырау тұрғыны Асхат Болатұлы.

Ол "күш құрылымдары бауырыма жала жауып, мойындатты" деді.

«Мойындату үшін аяусыз сабаған. Бүйрек тұсынан, басынан, жақ сүйектерінен ұрған. Пакет кигізіп, тұншықтырған. Қолын артқа байлап, бірнеше сағат турникке іліп қойған. Суық су шашып, аязда далада қалдырған. Азапқа шыдамаған соң амалсыз берген құжаттардың бәріне қол қойдым деді. Осыны наурызда кездескенімде өз аузымен айтып берді. Қысым көргенін жазған хаттары да бар», - дейді ол.

Жиналғандардың сөзінше, жергілікті жерде мәселе шешілмеген. Арыз жазып, шағымданса да, бірнеше айдан бері еш нәтиже болмаған.

«Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, прокуратураға, «Аманат» партиясына, ішкі істер, әділет министрлігі, адам құқықтары жөніндегі өкіл, сенат, мәжіліске дейін жаздық. Келетіні жалтарма жауап қана. Оның өзінде іс Семей қаласы ҰҚК-де, солар қарап, тексереді дегенмен шектеледі», - дейді олар.

Шағымданушылардың айтуынша, "ұйымдасқан қылмыстық топ құру" ісі бойынша іс әзірге сотқа жетпеген. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Жиналғандар алдына бас прокурордың көмекшісі Ілияс Сандыбаев шықты. Ол журналистерге мәселемен айналыспағанын айтып, жауап бере алмаймын деді. Ол азаматтарды ішке кіріп сөйлесуге шақырды. Бірақ тұрғындар бірнеше рет арыз түсірсе де, еш қозғалыс жоғын айтып, келіспеді. Сәлден соң ішке кіріп шыққан көмекші арыз-шағыммен бас прокуратура өкілдері танысып жатқанын, оны орындаушылар әр өтініш бойынша алдағы аптада жауап беретінін хабарлады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысына Азаттық хабарласқанмен жауап ала алмады.

Ал тұрғындар бұдан қандай да бір нәтиже шықпаса, халықаралық ұйымдарға шағымданатынын айтып, тарасты.

Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Қазақстанда қамау орындарында азаптау жиі кездесетінін айтады. АҚШ мемлекеттік департаменті биыл Қазақстандағы адам құқығының ахуалына арналған баяндамасында "Қазақстан түрмелеріндегі азаптау – көп жерде кездесетін, кінәлілер жазадан сытылып кететін құбылыстардың бірі" деп жазған. Бірақ елде қамалғандарға қатыгездік танытқаны үшін жауапқа тартылған күштік құрылым өкілдері некен-саяқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG