Accessibility links

Сот "демпартия" белсенділеріне айыппұл салып, кейбірін қамады


Полиция белсенді Инга Иманбайды ұстап жатыр. Алматы, 7 мамыр 2022 жыл.
Полиция белсенді Инга Иманбайды ұстап жатыр. Алматы, 7 мамыр 2022 жыл.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты сенбі күні кешке қарай "демпартия" белсенділерін әкімшілік жауапқа тартты. Бірнеше сағат бұрын Уәлиханов алаңы маңында ұсталған белсенділерге "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша айып тағылған. Сот шешімдері бойынша:

  • Белсенді, саясаткер Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбайға – 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (160 мың теңге немесе 364 доллар) айыппұл салынды;
  • Белсенді Гүлнар Мирмамбетоваға – 50 АЕК көлемінде айыппұл;
  • Белсенді Нұрбол Бәйтерековке – 50 АЕК көлемінде айыппұл;
  • Белсенді Абзал Достияров 20 тәулікке қамалды;
  • Дәурен Достияров 15 тәулікке қамалды;
  • Сағидолла Мергенбеев 15 тәулікке қамалды;

"Сот шешімімен келіспейміз. Апелляцияға береміз" деді соттан кейін Инга Иманбай Азаттық тілшісіне.

"Міне, Тоқаевтың “жаңа Қазақстанының” сиқы осы. Бізді мұндай қысыммен тоқтатам десе билік қатты қателеседі, біздің сағымызды сындыра алмайды" деп жазды белсенді Фейсбук парақшасында.

7 мамырда полиция Шоқан Уәлиханов атындағы алаң маңынан тіркелмеген демократиялық партия белсенділерін күштеп ұстап әкеткен еді. Партия мүшелері саяси тұтқындарды, белсенді Жанболат Мамайды босатуды, Қаңтар қырғынын әділ тергеуді талап етпек болған. Бірақ арнайы жасақ оларға талаптарын толық айтуына мүмкіндік бермеді.

Видео: 7 мамыр күнгі ұстау. Алматы полициясы митингіге келгендерді күштеп әкетті

7 мамыр күнгі ұстау. Алматы полициясы митингіге келгендерді күштеп әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:05 0:00

Белсенділерді ұстау кезінде Ғылым академиясы маңындағы алаңда Отан қорғаушылар күніне арналған концерт өтіп жатты.

Жанболат Мамай мен өзге де саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, бейбіт митинг өткізетінін Инга Иманбай әлеуметтік желіде осыған дейін хабарлаған. Ол әкімдікке де ескерту бергенін айтқан.

Ал Алматы қаласының прокуратурасы 7 мамырда "шараға рұқсат берілмегенін", полицияның белсенділерді сол үшін ұстағанын хабарлады.

  • Тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай өзіне қозғалған екі қылмыстық іс бойынша ( “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату”) қазір қамауда отыр. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады. Бұған дейін жақтастары наразылық өткізіп, белсендіні босатуға шақырған. 6 мамырда Мамайдың қамау мерзімі 12 маусымға дейін ұзартылды.
  • Осыған дейін Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.
  • Мамай авторитар үкіметті қатаң сынаумен танылған. Ол Қазақстанның демократиялық партиясын құрып, тіркеуге тырысқан. Бірақ биліктің кедергі келтіргенін алға тартқан.
  • Қазақстанда екі жыл бұрын "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG