Ресей әскері Луганск облысы Белогоровка ауылындағы мектепке әуеден соққы жасап, ондаған адам қаза болды. Бұл жөнінде Луганск облысының билігі хабарлады. Биліктің болжамынша, мектепті уақытша паналаған шамамен 60 адам қаза болған болуы мүмкін.
Екі адамның өлгені расталған, шамамен 30 адам құтқарылған. Луганск облысы әкімшілігінің жетекшісі Сергей Гайдайдың айтуынша, 60 адамның қайда екені белгісіз. Олар үйінді астында қалған болуы мүмкін.
Ресей әскері Белогоровкаға жасалған соққыға байланысты түсініктеме бермеді. Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі Ресей әскерінің бейбіт тұрғындардың өліміне қатысы барын мойындамаған. Атап айтқанда, Мариупольдегі перзентхана мен драма театры, Краматорскідегі вокзалға жасалған соққыдан қаза болған адамдардың өліміне қатысы барын терістеген.
Белогоровка қазір Ресей армиясы мен сепаратистері шабуылдап жатқан Лисичанск және Северодонецк қалаларының батысына қарай орналасқан.
БҰҰ мәліметінше, Ресей басқыншылығы басталғалы бері үш мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза болған. Сарапшылар қаза болғандар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, себебі соғыс жағдайында қаза болғандар жайлы мәлімет алу қиын екенін айтады.