Accessibility links

"Конституцияны сылап-сипап, Тоқаевтың беделін жақсарту". Референдум туралы сарапшы пікірі


"Бірінші президентті ығыстырып жатыр, ал оның көп құзыреті қазіргі мемлекет басшысының қолында қалады, ондаған жыл бойы қалыптасқан саяси жүйе өзгермейді". Саясаттанушы Димаш Әлжанов екінші президенттің бастамасымен дайындалған Конституция өзгерістерін осылай бағалайды.

Конституцияға өзгеріс енгізуге арналған республикалық референдум 5 маусымға белгіленген. Азаматтар 33 бапқа ұсынылған түзетулер бойынша дауыс береді. Ақорда "мемлекеттік құрылымның жаңа моделіне өтеміз", президент құзыретін азайтып, парламентті күшейтеміз деп уәде берген. Бірақ сыншылар көп өзгеріс бола қоймайды, билік "суперпрезидент жүйесінен" бас тартпайды деп отыр. Олар биліктің Конституцияға өзгеріс енгізу бастамасын бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында қалыптасқан жүйеден арылу және қаңтар қырғыны кезінде байқалған қоғамның түбегейлі өзгерістер туралы талабын қанағаттандыру үшін жасалған тактикалық қадам деп бағалайды.

Референдум күні белгіленбей тұрып, қоғамда Конституцияда бұрынғы президенттің "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" мәртебесін сақтап қалу мәселесі қызу талқыланған. Бұл норма қоғамда наразылыққа ұшыраған соң, билік заң жобасынан "елбасы" туралы бөлімдерді алып тастап, Конституция өзерген соң "Тұңғыш президент туралы" заңның күшін жоюды ұсынды. Бірақ Конституцияға енгізілген түзетулер Ақорда айтқан "саяси модель трансформациясына" әкеле ме? Азаттық бұл туралы саясаттанушы, "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының қатысушысы Димаш Әлжановпен сөйлесіп көрді.

"ПРЕЗИДЕНТ ПАРЛАМЕНТКЕ ЫҚПАЛЫН ЖҮРГІЗЕДІ"

Азаттық: Назарбаевқа "тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы" мәртебесін беретін, қоғамда қызу талқыға түскен норманы алып тастады. Мұны "халықтың пікірін ескеруге" балап жатыр. Бұл норманы не үшін алып тастады деп ойлайсыз?

Саясаттанушы, Oyan, Qazaqstan” қозғалысының белсендісі Димаш Әлжанов. Алматы, 16 қаңтар, 2021
Саясаттанушы, Oyan, Qazaqstan” қозғалысының белсендісі Димаш Әлжанов. Алматы, 16 қаңтар, 2021

Димаш Әлжанов: Қаңтар оқиғаларынан кейін [қазіргі президент Қасым-Жомарт] Тоқаевтың беделі төмендеді, оның атын әлі де Назарбаев есімімен байланыстырады. Осы себептен режимге Тоқаевтың реформасын қолдайтын қоғамдық пікір қалыптастыру қажет болды. Сондықтан халық қарсы болатынын біле тұра, Назарбаевты "Қазақстанның негізін қалаушы" деп жариялады. Шын мәнінде Назарбаевтың Конституциядағы рөлі 2017 жылы бекітілген. Билік жай ғана қоғамның қытығына тигісі келді. Күткеніміздей, халық қарсы болды. Енді референдумда азаматтар Назарбаев туралы баптары жоқ, дегенмен президентке шектен тыс құзырет беретін Конституцияны сақтап, бүкіл билікті Тоқаевтың қолына шоғырландыратын өзгерістерге дауыс береді.

Азаттық: Билік Конституция өзгеріс енгеннен кейін президенттің құзыреті азайып, парламент күшейеді деп мәлімдеді. Жақында мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин "Конституция реформасы билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге көмектеседі” деді...

Референдум: Тоқаев ұсынған өзгерістер саяси жүйені өзгерте ала ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:20 0:00

Димаш Әлжанов: Мемлекеттік хатшы Қариннің сөзі шындыққа жанаспайды. Конституцияға енгізілетін өзгерістерде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік туралы ештеңе айтылмаған. Мысалы, Тоқаевтың "суперпрезидент жүйесінен" парламенті мықты президенттік жүйеге көшу формуласы іс жүзінде құрғақ уәде болып шықты. Өзгертулер мәтінінен суперпрезидент жүйесінің негізі өзгеріссіз қалғаны анық көрінеді.

Мемлекет басшысын қала және облыс әкімдері қабылдаған актілердің күшін жою мүмкіндігінен айыратын түзетуді "президент құзыретін азайту" деп түсіндіріп жатыр. Бірақ президент әкімдерді өзі тағайындап, қызметінен алып тастайтын болса, бұл түзетуден еш пайда жоқ. Бұл өзгерістен әкімдер шешім қабылдауда тәуелсіз болып кетпейді. Оның үстіне, Тоқаев Назарбаевта болған құзыреттің бәрін өзіне қалдырып отыр.

Бұл Тоқаевқа да элита мен бюрократияның өзіне деген саяси адалдығын мемлекеттік қызмет пен ресурстардың көмегімен сатып алуға мүмкіндік береді.

Яғни, саяси жүйеде президент басты рөлге ие деген механизм өзгеріссіз қалды. Бұл кезіндегі Назарбаев сияқты Тоқаевқа да элита мен бюрократияның өзіне деген саяси адалдығын мемлекеттік қызмет пен ресурстардың көмегімен сатып алуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Назарбаев кеткеннен кейін режимнің екінші президенттің ығына жығыла бастағаны байқалады.

Конституцияға ұсынылған өзгерістер парламенттің ықпалын мүлде күшейтпейді, оны президенттің бақылауынан шығармайды. Керісінше, президент парламент пен онда қабылданып жатқан заңдарды бақылауда ұстап отырады. Мысалы, президенттің конституциялық заңдарға қатысты қарсылығы және ұсынған түзетулері қос палата депутаттарының төрттен үш бөлігі, ал қатардағы заңдар бойынша үштен екі бөлігі қарсы болған кезде ғана қабылданбай қалады. Қарсы дауыс аз болса, заң президент ұсынған нұсқада қабылданады. Президент Конституцияны өзгертіп, парламентті тарата алады. Бұл жерден қандай тепе-теңдік көріп отырсыз? Президент парламенттен басым түсіп, заң шығару билігін тартып алып отыр.

Азаттық: 1995 жылға дейін жұмыс істеген Конституциялық сот қайта құрылмақ. Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құруды оң өзгеріс деп бағалауға бола ма?

Димаш Әлжанов: Президент Конституциялық сот төрағасын тағайындай алады. Өзіне бағынышты Жоғарғы сот кеңесі арқылы қалған судьяларды да өзі бекітеді. Бұл Конституциялық сотты тәуелсіз етпейді, оның бұрынғы конституциялық кеңестен еш айырмашылығы болмайды. Демократиялы елдердің тәжірибесіне сүйеніп, президентті судьяларды тағайындау құзыретінен айыру керек. Мысалы, Жоғарғы сот кеңесі судьяларды тағайындайтын автоном органға айналып, оның құрамына судьялар, тәуелсіз адвокаттар алқасының өкілдері мен заңгер ғалымдар кіруі тиіс.

1993 жылғы конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың судьяларын президент емес, парламент тағайындаған. Парламент қазіргімен салыстырғанда, әлдеқайда тәуелсіз болған. Сондықтан Назарбаев парламентті таратып, 1995 жылы қазіргі Конституцияны қабылдаған, онда тәуелсіз сот билігі туралы ештеңе жоқ.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ПАРТИЯ ҚАТАРЫНАН ШЫҒУЫ НЕНІ ӨЗГЕРТЕДІ?

Азаттық: Президент өз міндетін атқарған кезде партия құрамынан шығуы керек. Президент сайлауында кандидаттарды партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ғана ұсына алады деген норманың күші жойылмағанын ескерсек, бұдан бір өзгеріс болуы мүмкін бе?

Димаш Әлжанов: Президенттің өз құзыреті аяқталғанша партиядан уақытша шығуы ештеңені өзгертпейді. Ресейде де [президент Владимир] Путин ресми түрде "Единая Россия" партиясының төрағасы емес. Бар мәселе президенттің құзыретіне байланысты. Қолында шексіз билігі бар кезде президент елді жалғыз өзі басқарып, Конституцияны өзгертіп, айналасындағыларға саяси лауазым үлестіре алады. Сондықтан президент сайлауына кандидаттарды тіркеу жөніндегі демократияға қайшы талаптар өзгеріссіз қалды. Тоқаев сайлау мен бәсеке кезінде билігінен айырылып қалғысы келмейді.

Азаттық: Билік партияны тіркеу жеңілдейтінін айтты. Мысалы, партия тіркеуге қажетті мүшелер саны 5 мыңға дейін кеміді. Бұл плюрализм мен "төменнен" партия құру мүмкіндігіне жол аша ма?

Партия құрғысы келетіндер көбейді. Ақордаға саяси қарсылас керек пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:40 0:00

Димаш Әлжанов: Партия мүшелерінің санын азайту тіркеу машақатын азайтады, бірақ мәселені түбегейлі шешпейді. Саяси партиялар туралы заңның түйткілді тұсы – президент бақылауындағы үш сатылы тіркеу (әділет министрін президент тағайындайды). Әуелі ұйымдастыру комитетін тіркеу қажет. Әділет министрлігінен рұқсат алғаннан кейін құрылтай съезін өткізіп, мемлекеттік тіркеуге құжат тапсыру керек. Партия тіркеуден өтсе, әр облыстағы филиалын тіркейді. Яғни, бұл процесте әділет министрлігінің істі созбаққа салып немесе партияны мүлде тіркемей қоюға мүмкіндігі көп.

Бұған әр облыстағы филиалды тіркеуге қатысты талаптарды қосыңыз. Бұл партия құру ісін қымбатқа түсіріп, азаматтардың саяси өмірге араласып, бірігу құқығын шектейді.

ӘКІМ САЙЛАУ ЖӘНЕ ЗАҢ ЖОБАСЫНДАҒЫ ҚУЛЫҚ

Саяси жүйе жабық күйінде қалып, қоғамның демократиялық талаптарына қарай бейімделмесе, Қазақстанда жүйе күйрегенше әртүрлі наразылықтар болуы мүмкін.

Азаттық: Тоқаев парламентті құру тәртібін өзгертуді ұсынды. Мәжілістің квотасын сенатқа беріп, сенатта президент тағайындайтын депутаттар санын қысқартудан өзгеріс бола ма?

Димаш Әлжанов: Жоқ. Сенат — парламентті бақылауда ұстаудың тағы бір аралық деңгейі. Сенатты жанама түрде сайлау президентке сенаторларды квота арқылы және облыстық мәслихаттардың көмегімен жанама түрде тағайындауға мүмкіндік береді. Сондықтан тікелей квотаны қысқартудың еш мәні жоқ, сенаторлар бәрібір президентке тәуелді болады.

Азаттық: Билік аралас пропорционал-мажоритар жүйеге көшу туралы айтты. Қателеспесем, Oyan, Qazaqstan қозғалысы мажоритар жүйеге өтуді талап етіп еді. Сіздердің және қоғамның талабы орындалды деуге бола ма?

Димаш Әлжанов: Жоқ. Билік ұсынып отырған жүйенің Oyan, Qazaqstan-ның талабына еш қатысы жоқ. Бұл жерде Конституцияға түзетулерді дайындаған авторлар тағы да қулыққа басып отыр. Біріншіден, мәжіліс депутаттарының саны 107-ден 98-ге қысқарады. Екіншіден, аралас жүйе қолданысқа еніп, 68 депутат пропорционал жүйемен, ал 30 депутат бір мандатты округтер бойынша сайланады. Бұл кей Еуропа мемлекеттерінің территориясымен шамалас, үлкен округтер болады. Демократиялық өкілдік тұрғысынан алғанда, бұл өзгерістің үлкен мәні жоқ. Әдетте округ көлемі мұндай ауқымды болмайды.

Бұл сайлау нәтижесін бақылауда ұстау үшін жасалынып отыр. Президенттің беделі төмен болғандықтан, билік партиясына қарсы дауысты әкімшілік ресурс пен үлкен сайлау округтеріндегі бұрмалау арқылы түзетуге болады.

Азаматтық қоғам мен тәуелсіз бақылаушылар сайлау жүйесіне қатысты талаптарында пропорционал жүйені сақтап, бірыңғай ұлттық округті әкімшілік бірліктер шекарасы бойынша 17 округке бөлуді ұсынған. Бұл әдіс әр облыс пен республикалық маңызы бар қалаға парламентке әр округте азаматтар таңдаған депутаттарды жіберіп, жергілікті саяси жағдайды жалпыұлттық мәселелермен байланыстыруға мүмкіндік береді, бұл ретте мәжіліс құрамы 265 депутатқа артады.

Азаттық: Облыс және ірі қала әкімдерін сайлау туралы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Қазір Конституцияға президент әкім қызметіне кемінде екі адамның кандидатурасын ұсынады, мәслихат осы адамдардың арасынан біреуін таңдайды деген өзгеріс ұсынылып отыр. Бұл әкімдерді сайлауға жата ма?

Димаш Әлжанов: Жоқ. Бұл әлі де тікелей тағайындау жүйесі. Мұның жанама сайлауға еш қатысы жоқ. Жанама сайлау кезінде мәслихат депутаттары әкімді өз бетінше ұсынылған кандидаттар арасынан сайлайды. Сондықтан президенттің мәлімдемесі Конституциялық өзгеріс деуге келмейді.

"ЕСКІ БОЯУ"

Азаттық: Ақорда Конституцияға енгізілетін өзгерістерді "көлемді реформа" деп атайды. Осыған келісесіз бе? Әлде бұл "ескі қабырғаға жағылған кезекті бояу" ғана ма?

Билік Конституцияның мәтінін қайта жазып, ондағы жекелеген сөздерді алып тастап, мазмұны мен күштер бөлінісін, президенттің парламент, үкімет пен сотқа үстемдігін сақтап қалады.

Димаш Әлжанов: Әрине, бұл – ескі бояу. Мұны реформа деп атауға келмейді, өйткені оның саяси мәні жоқ. Басқаша айтқанда, билік Конституцияның мәтінін қайта жазып, ондағы жекелеген сөздерді алып тастап, мазмұны мен күштер бөлінісін, президенттің парламент, үкімет пен сотқа үстемдігін сақтап қалады.

Тоқаев шынымен парламентті күшейтіп, өз құзыретін азайтқысы келсе, 1993 жылғы Конституцияға, яғни, суперпрезидент жүйесі әлі құрылмаған кезге оралу мәселесін референдумға шығаруы керек еді. Бізге парламенттік басқару формасындағы жаңа Конституция керек.

Азаттық: Билікке Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдум өткізу не үшін керек?

Димаш Әлжанов: Бұл адамдарды референдумға көбірек қатыстырып, есесіне Конституцияны жай сылап-сипап қана өзгертіп, "екінші республика" жобасымен Тоқаевтың беделін жақсарту үшін керек. Бұл жерде мынадай қулық бар: жұрт Назарбаевты Конституцияға қосуға қарсылық білдіріп жатырмыз деп ойлап, Назарбаев жүйесін сақтап қалуды қолдап дауыс береді.

Азаттық: Билік консервациясы несімен қауіпті?

Димаш Әлжанов: Назарбаевтың авторитар билігінің салдарынан Қаңтар қырғыны болды. Саяси жүйе жабық күйінде қалып, қоғамның демократиялық талаптарына қарай бейімделмесе, Қазақстанда жүйе күйрегенше әртүрлі наразылықтар болуы мүмкін. Молдова, Украина, Грузия сияқты постсоветтік мемлекеттер саяси жүйесін реформалап, оны барынша ашық әрі демократиялық етіп, бұл тізбекті бұзып шықты. Ал Қазақстан тұйық тізбектегі екінші айналымға өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG