Қытайдың ерекше ауданы – кейінгі жылдары дербес өз-өзін билеу құқы көптеген жағынан шектелген Гонконгтың әкімшілік басшысы тізгіні Пекиндегі орталық билікті жақтайтын, осыған дейін қала қауіпсіздік қызметінің бастығы болған Джон Лидің қолына тиді.
"Бұл билік орындарының Гонконгке қатысты ұстанып отырған деспоттық айла-тәсілінің күшейгенінің айғағы. Енді қаланы басқару саясаты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатына толық бағындырылады" деп түсініктеме берді CNN телеарнасына сұхбатында құқық қорғаушы әрі Гонконгтың бұрынғы депутаты Натан Лоу.
Джон Ли Гонконгте үкіметке қарсы наразылық шараларын басып-жаншуға басшылық жасады және Гонконгтың автономиясын айтарлықтай шектейтін Пекиннің ұлттық қауіпсіздік туралы заңына қолдау көрсетті.
Полицияда отыздан астам жыл қызмет еткен Ли 2019 жылы, Гонконг қауіпсіздік министрі қызметіне тағайындалған, экстрадиция жөніндегі заң жобасын қабылдатуға белсенді түрде атсалысты. Ол заң жобасы ұсталған Гонконг азаматтарын Қытайға жөнелтуді көздеді. Жергілікті халық Пекин осы заң арқылы Гонконгтың автономиясына қол сұғады деп, оған қарсы жаппай наразылық шаралары өткен. Джон Ли сол наразылықты басып-жаншуға жетекшілік етті. Полиция наразыларға көзден жас ағызатын газ бен резина оқ қолданды. Наразылық барысында он мыңнан аса адам ұсталды, олардың 40 пайыздан астамы студенттер мен мектеп оқушылары болды. Полицияның қатаң іс-әрекетіне қарамастан, Ли "батыл офицерлерді" мақтап, наразылық білдірушілерді "террор себуші радикалдар" деп кінәлады деп хабарлайды CNN.
2020 жылғы маусымда Пекин Гонконгте ұлттық қауіпсіздік туралы заңды енгізді, Джон Ли сол заңды іс жүзіне асырушы басты адамға айналды. Сепаратизм, терроризм және шетелдік күштермен келісім жасасуға тыйым салатын заңды билік оппозициялық саясаткерлер, белсенділер мен журналистерді қудалау үшін қолданады. Олардың көбі қамауда отыр не шетелге қашып кетуге мәжбүр болды.
Дәл сол жылы АҚШ Джон Лиге және пекиншіл басқа да саясаткерлерге қала автономиясына әрі демократиялық процестерге нұқсан келтіргені, сонымен бірге жаппай тұтқындауларға атсалысқаны үшін санкциялар салды. Ли санкцияларды "жөнсіз" және "қорқыту актісі" деп атады.
Гонконг – Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы, дүниежүзілік қаржы орталығы. Аралда шамамен 7,5 миллион адам тұрады. 1997 жылы Ұлыбритания 2047 жылға дейін Гонконг кең автономиясын пайдаланады деген шартпен аралды Қытайдың қарамағына өткізген. Ұлттық қауіпсіздік туралы заң Гонконг оларды пайдаланады деп уәде берілген либералдық бостандықтарға, соның ішінде сөз бостандығына да айтарлықтай мөлшерде нұқсан келтірді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексінде Гонконг 80-орыннан 148-орынға құлдыраған.
ПІКІРЛЕР