Accessibility links

Ресейде 9 мамырда соғысқа қарсылық білдірген жүзден аса адам ұсталды


"Ажалсыз полк" шеруі. Мәскеу, Ресей, 9 мамыр 2022 жыл.
"Ажалсыз полк" шеруі. Мәскеу, Ресей, 9 мамыр 2022 жыл.

9 мамыр, Жеңіс күніне арналған шаралар кезінде Ресей полициясы кемінде 125 адамды ұстады деп хабарлайды "ОВД-Инфо" құқық қорғау жобасы. Олардың 80-нен астамы соғысқа қарсы іс-шара өткізгені, пикетке шыққаны және символика таққаны үшін ұсталған.

Мәскеудегі Пушкин алаңында қасынан өтіп бара жатып, соғысқа қарсы пікір білдірген адамдарға кәмпит таратқан жас азаматты полиция күштеп алып кетіп, автозакқа тыққан. Сол кезде кәмпит таратқан адамнан сұхбат алып тұрған SOTA басылымы журналисі Егор Шатовты да бірге ұстаған.

Дәл сол Пушкин алаңында пикетке шыққан Дмитрий Коваль да ұсталды. Ол қолына "Соғыс – бейбітшілік емес, бостандық – құлдық емес, (ақиқатты) білмеу – күш емес" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған.

Бұдан бөлек, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Орынбор және Ресейдің басқа қалаларында "Ажалсыз полк" шеруіне соғысқа қарсы плакат алып шыққаны үшін ондаған адам ұсталған. "ОВД-Инфоның" хабарлауынша, билік олардың кейбіріне "Ресей армиясының абыройына кір келтірді" деген хаттама толтырған.

Адамның бет-бейнесін тану жүйесінің көмегімен Мәскеу метросында кемі 37 адамның тұтқындалғаны туралы ақпарат бар. Олардың бесеуі Жеңіс күні іс-шара өткізуіне байланысты ұсталса, қалғанын полиция осыған дейін пикетке шыққаны үшін іздеген. Ұсталғандар арасында "ОВД-Инфомен" ынтымақтаса жұмыс істеп жүрген адвокаттар Михаил Бирюков пен Юлия Трегубова да бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG