Польша астанасы Варшава қаласында советтік Қызыл армия жауынгерлері жерленген зиратқа гүл қоюға барған Ресей елшісі Сергей Андреевке бір топ адам қызыл бояу шашты.
Бұл оқиғадан түсірілген видеода елші мен оның қасында ілесіп жүрген кісілерді Украина туын көтерген адамдар қоршап алып, "фашистер" деп айқайлайды.
Ресейдің мемлекеттік РИА Новости агенттігі мен "Известия" басылымы ол видеоны даусын өшіріп тастап жариялады.
"Раньше всех. Ну почти" телеграм-каналында жарияланған видеода оқиға болған жердегі адамдардың не айтқаны естіледі.
Видеода зират басына жиналған, Украина туын ұстаған адамдардың қолында гүлі бар Ресей елшісіне бояу құйылған бірнеше пакет лақтырғаны көрінеді. Олардың бірі елшінің бетіне тиеді, сонымен бірге оның қасында тұрған кісілердің де үсті-басы қызыл түске боялып шыға келген. Бұдан кейін полиция қаумалап ілесіп жүрген Ресей елшісі ол жерден кетіп қалды дейді РИА "Новости" елшісі.
"Ресейдің Польшадағы елшілігі Варшавадағы совет жауынгерлерінің мемориалды зираты басында дипломаттарға шабуыл жасалғанына байланысты наразылығын мәлімдейді" деп жазды ТАСС агенттігі.
Польша Ресейдің Украинаға басқыншылығын қатаң айыптап келеді. Соғыс басталғалы бері Польшаға Украинадан 3 миллионнан астам босқын барған.
"Неонацизмге бас июшілер кезекті рет өз бет-бейнесін көрсетті – онысы қанға боялған. Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарының ескерткішін құлату, зираттарды қорлау, ал қазір парасатты әрбір адам үшін қастерлі саналатын күні гүл қою рәсімінің шырқын бұзу онсыз да белгілі жайтты дәлелдеді – Батыс фашизмді қайта жандандыруға бағыт алған. Бірақ, осыған дейін айтқанымдай, бізді қорқыта алмайды. Еуропа тұрғындары айнадағы өз бейнесінен қорқуы керек" деп жазды Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова telegram-каналында.
Бұған дейін Ресейдің Польшадағы елшілігі қауіпсіздік мақсатында совет-герман соғысындағы жеңістің 77 жылдығына арналған шараларды барынша азайтып, "Ажалсыз полк" шеруін өткізуден бас тартқан.
ПІКІРЛЕР