Accessibility links

Қазақстанда проблемалы несиелерді басқаратын сервистік компаниялар құрылады


Мадина Әбілқасымова.
Мадина Әбілқасымова.

11 мамырда мәжіліс стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулерді қабылдады. Құжаттың толық атауы – "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Заң жобасы авторларының айтуынша, құжат "стрестік активтердің ликвидті нарығын дамытуға қолайлы жағдай жасайды және оларды экономикалық айналымға тартады".

Заң жобасы өзге жайттармен қатар стрестік активтерді сервистік компанияларға басқаруға беруді де қарастырады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, мұндай функция арнайы өкілеті бар банктерге еншілес мекемелер мен проблемалық несиелермен жұмыс істеу тәжірибесі бар коллекторлық агенттіктерге жүктелмек.

– Агенттік олардың тізімін жасап, өз интернет-ресурсында талаптарға сәйкес келетін сервистік компаниялар туралы ақпарат жариялайды. Бұл қарыз алушыларды қосымша қорғау механизмімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, себебі аталған ұйымдар агенттіктің бақылау периметрінде болады, – деді ол.

Заң жобасы инвесторларды қарыздарын сервистік компанияларға беруге міндеттейді. Атап айтқанда, жеке кәсіпкерлер мен 50 млн теңгеге дейін қарызы бар заңды тұлғалар немесе шетел азаматының проблемалық несиелері сервистік компанияларға тапсырылуы тиіс.

Мадина Әбілқасымованың айтуынша, қазіргі кезде елде проблемалы несиелер саны ұлғайып жатыр. Агенттік жетекшісі мұны жоғары пайыздық сыйақы мөлшерлемесі және банктердің қарыз берерде клиенттің табысына қарамауы сияқты жайттармен байланыстырады.

2022 жылдың 1 қаңтар күнгі мәлімет бойынша, елде стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгені құрайды. Бұл банк жүйесі активтерінің 6 пайызына тең.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG