Қазақстанда кейбір категорияға кіретін азаматтардың зейнет жасын төмендету мәселесі талқыланады. Бұл жөнінде бейсенбі күні премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
"Мәселе талқыланады. Объективті айтсақ, мәселе күрделі. Халықаралық тәжірибені ескереміз. Халықаралық тәжірибеде жалпы алғанда зейнет жасын төмендету тенденциясы жоқ. Дегенмен бұл мәселені тек шахтерлар ғана көтеріп отырған жоқ. Қазір бұл мәселені мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар да қозғап жатыр. Сол себепті талқылаймыз" деді Ералы Тоғжанов.
"Әйелдердің зейнет жасы төмендетіле ме?" деген сұраққа Тоғжанов "бұл мәселе талқыланады" деп жауап берді.
"Қазір әйелдердің зейнет жасы 60-61. Сондықтан мәселе күн тәртібінде тұр. Талқылаймыз" деп қысқа қайырды.
Қазақстанда 2022 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы тағы жарты жылға ұзарып, 60,5 жасқа жетті. Мемлекет 2018 жылдан бастап зейнет жасын жыл сайын алты айға ұзартып келеді. Билік бұл өзгерістерді "зейнет жасы ұзарған сайын, зейнетақы қорындағы жинақ қаржы көбейіп, әйелдің "қартайған шағында қамсыз" болуға мүмкіндігі артады" деп түсіндіреді. Ауыр еңбек етіп, жұмыс пен тұрмыс тауқыметін қатар көтеріп жүрген әйелдер зейнет жасын ұзартуды азапқа теңейді.
ПІКІРЛЕР