Accessibility links

56 түзету, бір сұрақ. Вице-министр референдум сұрағы туралы: Кейбір түзетулермен келіспесем, қолдауға мәжбүр боламын


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Конституцияға енетін 56 түзетудің әрқайсысын референдумға шығарудың қажеті жоқ деп санайды. Шенеуніктің пікірінше, бұл "іс-қағаздарды жүргізу тұрғысынан" алғанда артық шығынды талап ететін қажетсіз қадам.

"56 сұрақ болу үшін әрбір азаматқа 56 бюллетень берілуі керек. Әрбір адам 56 бюллетеньге жауап беруге мәжбүр болса, іс-қағаздарды жүргізу тұрғысынан қалай жүзеге асатынын елестете аласыз ба?" деді 12 мамырда орталық коммуникациялар қызметінде Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген вице-министр.

Ол сонымен бірге Конституцияға енетін өзгерістердің барлығы бір-бірімен "тығыз байланысты екенін, біріне дауыс берсең, екіншісінің мағынасы бұзылатынын" да атап өтті.

Билік Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізуді көздейді. Азаматтар референдумда бір ғана сұрақ – "Қазақстан Респуб­ли­касы заңының жобасында баяндалған Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына өзгерістер мен толықты­руларды қабылдайсыз ба?" деген сұраққа жауап береді.

—Егер азамат бір норманы қолдап, екіншісін қолдамаса, өзінде "қолдау" жағы басым болып тұр ма, әлде "қарсы" жақ басым болып тұр ма деп осыны анықтап, мәселеге барынша байыппен қарауы тиіс, – деді Мұқанова.

"Жалпы алғанда қандай да бір түзетумен келіспей қалсам, азамат ретінде барлық түзетулерді қолдап дауыс беруге мәжбүр боламын. Себебі, мен басым бөлігімен келісіп тұрмын, себебі біз басымдық принципі бойынша жұмыс істейтін демократиялық қоғамда өмір сүреміз" деді Мұқанова.

Қазіргі республикалық референдум туралы заң бойынша бюллетеньде бір сұрақ болуы тиіс. Дегенмен заң референдумға бірнеше сұрақ шығаруға мүмкіндік береді, мұндай жағдайда бюллетеньдер түсі әртүрлі болуы тиіс.

Үкімет референдум өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге қаражат бөлуді жоспарлап отыр.

  • Конституцияға өзгеріс енгізуге арналған республикалық референдум 5 маусымға белгіленген. Азаматтар 33 бапқа ұсынылған түзетулер бойынша дауыс береді. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған.
  • Ақорда "мемлекеттік құрылымның жаңа моделіне өтеміз", президент құзыретін азайтып, парламентті күшейтеміз деп уәде берген. Бірақ сыншылар көп өзгеріс бола қоймайды, билік "суперпрезидент жүйесінен" бас тартпайды дейді.
XS
SM
MD
LG