Accessibility links

Қудалауға шағымданған белсенділер Батыс елдерін Тоқаев пен Назарбаевқа санкция салуға үндеді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Алматыда азаматтық белсенділер түрлі наразылық акциялары қарсаңында күштік органдардың өздерін жиі қудалайтынын мәлімдеді. 12 мамырда өткен баспасөз мәслихаты кезінде белсенділер митингілер алдында өздерінің қалай ұсталатынын баяндады.

Қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген зейнет жасындағы белсенді Бибігүл Жоламанова бірнеше жылдан бері қудалауға ұшырап жүргенін айтады. Жуырда 1 мамырда елде "оппозиция митингісі өтеді" деген күні де ол Алматыда ұсталып, Түрксіб аудандық полиция басқармасында "төрт сағаттан астам уақыт" болған.

—Бес полицей маған жабылып, автозакқа сүйреген кезде бұрын сынған қолым қайта зақымданды. Ісіп кетіп, қозғалта алмай қалдым, қан қысымым көтерілді. Жедел жәрдем шақырды. Дәрігерлер мені тексеріп, "ауруханаға барасыз ба" деді. Мен бас тарттым. Жедел жәрдем кетіп қалды, мен полицияда қалдым. Ол жақта мені төрт сағаттан астам уақыт ұстады. Кешкі алтыға таман үйге жіберді, – деді Бибігүл Жоламанова.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ.

12 мамыр күнгі баспасөз жиыны кезінде өзге белсенділер Гүлбаршын Ережепова, Жұлдыз Полатова, Гүлбала Жанақбаева және Гүлмира Мұқанова да 1 мамырда үйлерінен шыға берісте ұсталғанын айтты.

—Биыл 30 сәуірде ауызашарға бардық. Ертесінде таңертең үйден шыға бергенде полиция формасын кимеген он шақты адам бізге таяды. Бөтен адамдар. Ештеңені түсіндірместен, қолымызды қайырып, күштеп автозакқа отырғызды. Менің телефонымды тартып алды. Айғай-шу көтергеннен кейін барып қайтарды. Медеу аудандық полиция басқармасында қызметкерлер намысымызға тиіп, бізді паразит деп атады. Мен "біздің пікірімізді айтуға құқығымыз бар" деп айта бастап едім, біреуі "сендердің ешқандай құқықтарың жоқ, сендерді атып тастау керек, егер бұйрық түссе, өзім-ақ атып тастаймын" деп айқайлады, – деді Жұлдық Полатова.

Онымен бірге ұсталған Гүлбала Жанақбаеваның айтуынша, Медеу аудандық полиция басқармасында оның жағдайы күрт нашарлаған, бірақ "жедел жәрдем шақырыңдар деген өтінішіне ешкім құлақ аспаған".

Жанақбаева сонымен бірге былтыр 16 желтоқсанда үйінен қоқыс шығаруға шыққан кезде өзін "ұрлап кеткенін" айтты. Ол митингілер қарсаңында тіпті үйінің ауласынан шыға алмайтынын жеткізді. Жыл басында Жаңаөзенде наразылық тұтанып, өзге өңірлерге жайылып жатқан тұста дүкеннен қайтып келе жатқан кезде бөтен бір ер адамның өзін үйіне дейін аңдығанын айтады.

—Егер маған бірдеңе болса, оған Тоқаев пен халықты емес, билікті қорғап жүрген құқық қорғау органдары кінәлі болады. Халықаралық қауымдастықты, Еуроодақ, АҚШ мемлекеттік департаментін, Канада, АҚШ, Ұлыбританияны президент Тоқаев пен экс-президент Назарбаевқа жеке санкция салуға шақырамын. Бассыздықтың жолын кесу керек, – деді Гүлбала Жанақбаева. Оның мәлімдемесін өзге бесенділер де қолдады.

1 мамырда Алматыда полиция "митинг орындарынан" бірнеше адамды ұстап әкеткен. Митинг қарсаңында билік наразылық акциялардың рұқсат етілмеген шара екенін, оған қатысқандар жазаға тартылуы мүмкін екенін ескерткен.

Қазақстанда оппозициялық күштер митингісі қарсаңында және митинг күні полицияның белсенділерді ұстауы жиілейді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға жиі шақырады. Ал билік кез келген митингіге рұқсат алуды талап етеді, рұқсатсыз митингіне заңсыз деп танып, қатысушыларын жазалайды.

Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар елде азаматтардың бейбіт түрде жиналып, пікірін айту құқығы жиі шектелетінін айтып сынаған. Нұр-Сұлтан азаматтардың бейбіт жиынға қатысты құқықтарын шектейтінін мойындамай келеді.

XS
SM
MD
LG