БҰҰ Адам құқықтары кеңесі жанындағы жұмыс тобы Қазақстан үкіметі 2020 жылы сәуірде азаматтық белсенді Әлнұр Илияшевті заңсыз ұстап, адам құқығы саласындағы халықаралық құқықты бұзды деген қорытындыға келді. БҰҰ жұмыс тобының (UNWGAD) пікірінше, Илияшев "өзінің пікір айту құқығын жүзеге асырғаны үшін" түрмеге қамалған. Шешімнің мәтінін америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы өз сайтында жариялады. Аталған ұйым былтыр Илияшевті қорғау туралы петициямен БҰҰ жұмыс тобына жүгінген.
Аталған топтың айтуынша, Илияшевті ұстау және бас бостандығынан айыру белгілері бостандықтан айырудың алғашқы үш категориясы мен бесінші категориясына сәйкес келеді. Бұл топқа саяси және өзге көзқарасы үшін қамалғандар кіреді.
Жұмыс тобының пікірінше, Илияшевқа шыққан үкімнің күші жойылып, оған тағылған айыптар толық алынуы тиіс және халықаралық құқыққа сәйкес белсендіге өтемақы берілуі керек. Жұмыс тобы сонымен бірге Илияшевті бостандықтан айыру жағдайын жан-жақты әрі толық зерттеуге және оның құқығын бұзғандарға шара қолдануға үндеген.
"Бұл шешім Қазақстан мен барлық аймақта коронавирус індетін үкімет сыншыларын қудалау үшін сылтау ретінде пайдалану тенденциясының кеңінен жайылғандығын көрсетеді" деді Freedom Now заңгері Адам Ледмат. Оның айтуынша, Илияшев қамауда болмағанмен оның қызметі әлі күнге дейін "қатаң шектелген". Freedom Now Қазақстан билігін БҰҰ жұмыс тобының Илияшевке қатысты берген барлық рекомендацияларын орындауға үндеді.
Жұмыс тобының шешімі шыққаннан кейін Әлнұр Илияшев Фейсбуктағы парақшасында Қазақстанда саяси қудалауды тоқтатуды талап етіп, "саяси тұтқындарды босатып, саяси қудаланғандардың барлығын ақтау" қажеттігін айтты. Былтыр Алматы соты Илияшевтің "өзін саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде тануды сұраған" өтінішін қанағаттандырмаған.
Белсенді Әлнұр Ильяшевті сот 2020 жылы маусым айында "төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратты таратты" деп танып, бостандығын үш жылға шектеген. 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. Бұған қоса, бес жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған.
Қылмыстық іске түрткі болған Facebook жазбаларында Әлнұр Илияшев "Нұр Отан" партиясын, сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын сынаған. Жоғарғы сот пен бас прокуратура Илияшевке апелляциялық шағымын қаратуға мүмкіндік бермеді.
Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін белсендінің азаматтық құқығын бұзбауға шақырып, оған шыққан үкімнің күшін жоюға үндеген еді. АҚШ мемлекеттік департаменті де үкімді сынаған. Сәуір айында Әділдік үшін Клуни қоры (Clooney Foundation for justice, CFJ) белсендінің үкімін өзгеріссіз қалдырған Алматы сотының шешіміне өкініш білдіріп, белсендіні қудаламауға үндеген.