Accessibility links

Транскаспий бағыты Қазақстанның "Жібек жолына" айнала ма? Мәскеудің ақпараттық шабуылы неге үдей түсті?


Ақтау портында жұмыс істеп жатқан адамдар. Транскаспий халықаралық көлік бағыты Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузияға шығады, одан ары Түркия мен Еуропа елдеріне барады.
Ақтау портында жұмыс істеп жатқан адамдар. Транскаспий халықаралық көлік бағыты Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузияға шығады, одан ары Түркия мен Еуропа елдеріне барады.

Батыс басылымдары бұл аптада бұрынғы кеңестік мемлекеттер не себепті Мәскеуден алшақтай түсті және отарлау тарихына сыни көзбен қарап бағамдаудың бұған не қатысы барын талдайды. Сондай-ақ Қазақстанның 9 мамыр күні әскери парад өткізуден бас тартуы нені аңғартты деген сұраққа жауап іздейді. Бұдан бөлек, Мәскеудің Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуылдарының себептері мен салдарына және Ресейді айналып өтетін Транскаспий көлік бағытының пайдасына тоқталады.

БҰРЫНҒЫ СОВЕТ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МӘСКЕУДЕН АЛШАҚТАУЫ

Ресейдің Украинаға басып кіруі көрші мемлекеттерді Мәскеуден алшақтатып, Ресей президенті Путиннің режимінен теріс айналуын тездете түсті. Сонымен қатар Ресейдің соғысы бұл елдерді отаршылдық кезеңіндегі өткенін қайта қарап, бағамдауға итермелейді. АҚШ-тағы ұлттық қорғаныс университеті халықаралық қатынастар колледжінің профессоры Эрика Марат пен Швециядағы қорғаныс зерттеулері агенттігі директорының орынбасары Йохан Энгвалл Foreign Policy басылымындағы мақалада осындай ой айтады.

Зерттеушілер кейбір бұрынғы кеңестік мемлекеттердің үкіметтері Украинадағы соғыс кезінде Мәскеуден көпшілік күткеннен анағұрлым тәуелсіз екенін көрсете алды дейді. Қазақстан Жеңіс күніне орай әскери парад өткізбейтінін мәлімдеді. Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын айтты. «Мүмкін, Ресейден қысым болған соң, оны қызметінен алып, басқа қызметке тағайындады. Қырғызстан сыртқы істер министрі де қызметінен алынды. Оған, бәлкім, халықтың соғысты жеткілікті дәрежеде қолдамауы себеп болған шығар. Молдава президенті Майя Санду Украинаның жүздеген мың босқынын қабылдап, Ресейдің Приднестровьедегі іс-әрекетін «мұқият және сақ» бақылап отырғанын жеткізді».

Алматыдағы Украинаны қолдау митингісі. 6 наурыз 2022 жыл.
Алматыдағы Украинаны қолдау митингісі. 6 наурыз 2022 жыл.

Авторлардың жазуынша, бұрынғы кеңестік елдер Совет режиміне отаршыл үкімет деп қарайды, сол себепті Ресейдің оларды бағындыру әрекеті ол елдердің ішінде қарсылық тудырады. Ресейдің Украина немесе Грузиядағы империялық амбицияларын бұл елдер қорлау деп қабылдайды. «Елде саяси еркіндік неғұрлым көп болса және өткенін сыни көзқараспен бағамдауға мүмкіндік берсе, сол елдің халқы Ресейдің аймақтағы үстемдігін соғұрлым аз қолдайды».

Зерттеушілердің сараптауынша, бұл елдердің халқы кеңестік өткенге романтикалық көзқарастан алшақтап, посткеңестік авторитарлы жүйеге қарсы шығып, өз елдерінде төменнен саяси қысым жасап жатыр. Соңғы жылдары Армения, Грузия, Қырғызстан, Молдова мен Украинада наразылар саяси элитаға қызмет ететін полиция, қауіпсіздік қызметі тәрізді посткеңестік мемлекеттік институттардың реформасын талап етті. Қазақстан ондаған жыл бойы авторитаризмде өмір сүргеніне қарамастан, халық қаңтар айында президенттің шексіз билігіне қарсы шығып, әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етті.

Марат және Энгвалл постсоветтік кеңістікте Мәскеудің ықпалы азая береді деп топшылайды. Оның бір себебі − орыс мәдениеті үстемдігін жоғалтып жатыр, жас ұрпақ санасы мен жүрегін жаулау үшін басқа мәдениеттермен бәсекелесуге мәжбүр.

Бірақ Ресейден алшақтау бұл елдер міндетті түрде Батыспен жақындасуға талпынады дегенді білдірмейді. Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы басшылар Қытай және Түркиямен тығыз байланыс орнатуы мүмкін. Ресейдің көршілері халықаралық аренадағы белсенді ойыншыларға айналып бара жатыр. Олар көптеген державалармен қарым-қатынас ұстанғысы келеді, ал Ресей Еуроодақ, Түркия, Қытай сияқты жай ғана бір көрші елге айнала бастады.

«Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы бұрынғы КСРО елдерінің тұрғындары Ресейге тарихи одақтас ретінде емес, геноцид жасап, соғыс ашқан ел деп қарайды. Уақыт Ресейдің көршілес елдерге айрықша бақылауын қалпына келтіру үшін жорыққа шыққан Путиннің жағында емес, өйткені Мәскеудің төңірегіндегі көршілер бұрынғы отаршыл империяның қол астындағы елдер емес».

ҚАЗАҚСТАН ЖЕҢІС КҮНІНДЕГІ ӘСКЕРИ ПАРАДТАН НЕГЕ БАС ТАРТТЫ?

Қазақстанның Ресей басқыншылық әрекетінен алшақтау талпынысы АҚШ-тағы Atlantic Council зерттеу институтының сайтында жарық көрген мақалада да талқыланады. Second Floor Strategies консалтинг компаниясының директоры Уайлдер Алехандро Санчес пен Орталық Азияны зерттеуші Камила Әуезова Қазақстанның 9 мамыр Жеңіс күнінде әскери парад өткізуден бас тарту астарына үңіледі.

Ресей Украинаға басып кірген соң 9 мамыр Жеңіс күніне орай өтетін дәстүрлі іс-шаралар қосымша символдық мәнге ие болды. Бұл мереке қазіргі Ресейдің ұлттық болмысының маңызды элементі, бірақ бұрынғы кеңестік елдерде бұл күн Мәскеумен постимпериялық қарым-қатынастың күрделі динамикасын көрсетеді. «Қазақстан үшін Жеңіс күнін тойлаудан бас тарту Ресей басқыншылығынан алшақтаудың әдісі еді».

Қазақстан қорғаныс министрлігі бұл бюджет ақшасын үнемдеумен және «басқа мәселелермен» байланысты деп түсіндірген. Мақала авторлары «Жеңіс күні Ресей үшін қаншалықты маңызды және постсоветтік бірліктің символы екенін ескерсек, бұл Мәскеуге месседж ретінде ойластырылған қадам болғаны анық» дейді. Қазақстандағы кей топтар мерекенің өтпейтініне наразы болды, бірақ Қазақстан геосаясатқа басымдық бергендей.

Қазақстан әскери парадтан бас тартқанмен Алматыда "Ажалсыз полкке" ұқсас "Батырларға тағзым" шеруі өтті. 9 мамыр 2022 жыл.
Қазақстан әскери парадтан бас тартқанмен Алматыда "Ажалсыз полкке" ұқсас "Батырларға тағзым" шеруі өтті. 9 мамыр 2022 жыл.

Авторлар Украинадағы соғысқа келгенде Нұр-Сұлтан ұстанымы бірізді емес болып көрінетініне назар аударады. Кей шешімдер Қазақстан билігі Ресейді қолдамайтынын аңғартса, енді бірі керісінше дүниені көрсетеді дейді. Бірақ түптеп келгенде бұл Қазақстан, Орталық Азия мен Кавказ елдері Мәскеудің қаһарына ұшырамау үшін ұстараның жүзімен жүргенін әйгілейді. Оның үстіне «Ресей әскери басқыншылығының қаупін жоққа шығаруға болмайды».

Зерттеушілер осы себепті өте сақ қимылдап жатқан Нұр-Сұлтанның әскери парадтан бас тартуы айтулы оқиға, мұны Ресейдің постсоветтік кеңістіктегі әскери басқыншылығына қарсылық деп бағалау керек дейді. «Бұл Қазақстанның Кремльге көзсіз қосылудан бас тартқанын көрсететін геосаяси батыл қадам».

МӘСКЕУДІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАРСЫ АҚПАРАТТЫҚ ШАБУЫЛДАРЫ НЕГЕ ҮДЕЙ ТҮСТІ?

АҚШ-тағы Jamestown қорының сарапшысы Пол Гобл соңғы кездері Мәскеудің Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуылдары үдей түскеніне назар аударып, Ресей сарапшылары мен ресми тұлғалардың «Қазақстан Ресейдің жауына айналып барады» деген мәлімдемелері қазақстандықтарды бір жағынан сескендіріп, екінші жағынан наразылық тудырғанын жазады.

Гобл жыл басынан бергі үш оқиғадан кейін Мәскеу ақпараттық шабуылдарын күшейткеніне мән береді.

Кремль Қаңтар оқиғасында ҰҚШҰ бастаған бітімгершілік күштерін жіберген соң Тоқаев ризашылығы мен ілтипатын білдіреді деп күтті. Бірақ керісінше болып шықты. Тіпті кей қазақстандықтар Ресей неге өзге елдің ісіне араласады деп ашуланған соң, Тоқаев үкіметі Мәскеудің қуыршағы емес екенін дәлелдеу үшін барын салды.

Екіншіден, Қазақстан билігі қорғанысқа құйылған инвестиция Ресейге қарайламай-ақ ықтимал қарсыластарға қарсы тұруға мүмкіндік беретінін алға тартты. Қазақстан әскери теңіз күштерінің құрылғанына 29 жыл толуына орай өткен іс-шарада командирлер Каспий теңізінде қазақ кемелерінің саны Ресей кемелерінен көп екенін, олар іздестіру-құтқару ғана емес, зымыран қаруынан қорғай алатынын айтқан. Гоблдың жазуынша, Мәскеу мұны Каспийдегі үстемдігіне төнетін қауіп деп бағалап, комментаторлар «Қазақстан одақтасымыз емес» деген сарындағы шабуылды қайта бастаған.

Ақпараттық шабуылдардың соңғы және басты себебі – Қазақстанның Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымы. «Мәскеу Қазақстан үкіметінің Украина жайлы бейтарап ұстанымына наразы, олар Қазақстан Ресейден теріс айналғанын осылайша жауып отыр деп есептейді».

Гобл наурыз айында Мәскеу қалалық думасының депутаты Сергей Севостьяновтің «Украинадан кейін Ресей тағы алты елге, оның ішінде Қазақстанға да денацификация жүргізуі керек» деген мәлімдемесіне бақылаушылар бір адамның асыра сілтеген пікірі деп мән бермеуі мүмкін, алайда бұл назар аудартатын дүние екенін жазады. «Независимое военное обозрение» басылымына шыққан мақалада Ресей сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясының профессоры Владимир Винокуров «денацификацияның» ықтимал алты нысанының өткеніне көз жүгіртсек, «бұл елдерді бұрын ерекшелеп тұрған шовинизм және ұлтшылдықтың уы әлі де жойылмаған» дейді.

«Мұндай мәлімдемелер Ресей Қазақстанды нысанаға алуы мүмкін деп қауіптенетін қазақстандықтарды әсте тыныштандыра алмайды. Әрі бұдан соң Қазақстандағы көпшілік Ресейдің жауы өз елі емес, керісінше Ресей өз елінің жауына айналды деп топшылайды».

ТРАНСКАСПИЙ БАҒЫТЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ

Бұған дейін Ресей арқылы Еуропаға тауар тасымалдаған елдер Украинадағы соғысқа байланысты Мәскеуге санкциялар салынғандықтан, балама дәліздерді іздеп жүр. АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Украинада соғыс басталғалы бері Кавказ елдері мен Қазақстан Транскаспий көлік бағытына басты жоба ретінде қарай бастағанын жазады.

Осы аптада Түркияға іссапармен барған Қазақстан президенті Тоқаев түрік әріптесі Режеп Ердоғанмен Ресейді айналып өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндіктерін талқылаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Түркия басшысы Режеп Ердоған. Анкара, 10 мамыр 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Түркия басшысы Режеп Ердоған. Анкара, 10 мамыр 2022 жыл.

Ресейді айналып өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қытайдың Сиан қаласын Стамбулмен жалғайды. Ол Қазақстан аумағындағы теміржол арқылы өтіп, Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузияға шығады, одан ары Түркия мен Еуропа елдеріне барады.

Мақала авторлары − постсоветтік аймақтағы геосаяси, әскери және сауда мәселелері жөніндегі сарапшы Уайлдер Алехандро Санчес пен қазақстандық тәуелсіз зерттеуші Камила Әуезова Кавказды мұндай дәлізге айналдырудан қандай нәтиже шығатынын әлі байқап көру керек дейді. Каспийдің екі жағында да порттар, күрделі теміржол желісі тәрізді инфрақұрылым бар. Дегенмен шекарадағы контейнерлер тасымалын тездету үшін Кавказ елдері мен Түркия арасында келісім мен ынтымақтастық болуы керек. Геосаяси мәселені тағы ысырып тастай алмайсың, өйткені Армения мен Әзірбайжанның шекара мәселесі бар.

Бірақ жақында бетбұрыс болып, Қазақстан Әзірбайжан, Түркия мен Грузиядағы әріптесерімен Транскаспий бағыты бойыша бірлескен кәсіпорындар құру жайлы келісімге қол жеткізді.

Зерттеушілер Транскаспий бағытынан ұтатын елдердің бірі Қазақстан екеніне назар аударады. Ресейге салынған санкциялардың кесірінен порттарда жүк тұрып қалып, бұл Қазақстанның жүк тасымалына біраз қиындық тудырды. Қазақстан ел мен аймақ үшін көптеген экономикалық және логистикалық мүмкіндіктерге жол ашатын бағытты пайдалануға мүдделі, дипломатиялық келіссөздер жүргізіп жатқаны содан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG