Accessibility links

Түркия НАТО-ға қосылуға ниет білдірген Швеция мен Финляндиядан күрд сепаратистерін қолдамауды талап етпек


Ибрагим Калин.
Ибрагим Калин.

Түркия Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қосылуына түбегейлі қарсы емес, бірақ олармен қауіпсіздікке қатысты келіссөз жүргізбек. Түрік тарабы олардан күрд сепаратистерін қолдауды доғаруын талап етеді. Бұл жөнінде сенбі күні Түркия президентінің кеңесшісі Ибрагим Калин мәлімдеді.

НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің Берлиндегі кездесуі алдында Түркия СІМ Мевлют Чавушоғлы түрік қоғамының басым бөлігі Финляндия мен Швецияның Солтүстікатлантикалық одаққа қосылуына қарсы деді. Министрдің айтуынша, Түркия бұл мәселені одақтастарымен талқылайды.

Ресей басқыншылығы жалғасып жатқан тұста Финляндия мен Швеция алдағы күндері НАТО-ға қосылуға өтініш береді. Одаққа мүше елдердің басым бөлігі өтінішті қолдаған. Түркия бұған қарсы екенін ашық айтқан жалғыз мемлекет.

Анкара бірінші кезекте Финляндия мен Швецияның Күрдістанның жұмысшылар партиясын қолдағанына алаңдайды. Бұл ұйымды Түркия, АҚШ және ЕО террористік ұйым деп таныған.

Финляндия мен Швеция күрд белсенділеріне саяси баспана беріп, Сириядағы күрдтік құрылымдарға дем береді. Олар АҚШ-тың қолдауымен "Ислам мемлекеті" террористік тобымен күресіп жатыр. Ал Түркия күрдтік құрылымдарды ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде көреді.

Осыған дейін Ресей Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуына қарсы болған.

"Екі мемлекеттің НАТО-ға қосылуына қарсы екенін айтқан Ресей позициясы Түркия үшін шешуші фактор емес" деді Калин.

Берлиндегі кездесу алдында НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері 29 ел қолдап тұрған кезде Түркия Финляндия мен Швецияның одаққа қосылуына бөгет болмайды деп сенім білдірді.

XS
SM
MD
LG