Accessibility links

Жеңіл автокредит бағдарламасы басталған сәтте Нұр-Сұлтандағы автосалонда кезек пайда болды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Жеңіл автокредит мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған күні, 16 мамырда автосалонда кезек пайда болды. Жергілікті БАҚ хабарына қарағанда, кейбір салондарда жеңіл кредитпен сатылатын көлік болмаған.

Inbusiness.kz ақпаратына қарағанда, таңертеңнен жиналған адамдар сатып алатын көлік болмағанына реніш білдіріп, тарай бастаған.

Әлеуметттік желіде тараған видеода автосалондардың бірінде ондаған адамның кезекте тұрғаны көрінеді. Сипаттамасына қарағанда бұл видео Нұр-Сұлтан қаласында түсірілген. Кей адамдар ұйымдастырушылардың жұмысына көңілі толмағанын білдірген.

Басылымның жазуынша, жеңіл автокредитке үкімет бөлген қаржы банктерге түспеген. Inbusiness.kz жазуынша, бұл ақпаратты жеңіл кредит беруге тиіс өзге де бірнеше банк растаған.

Мемлекет бағдарламаға 100 миллиард теңге бөлген. Сарапшылар есебінше бұл ақша 10 мың автомобильге ғана жетеді. Ал қазірге дейін 70 мың өтініш түскен.

Автосалон алдындағы кезектен кейін журналистер бірінші вице-премьер Роман Склярдан үкімет бұл мәселені қалай шешетінін сұраған.

— Автоөндірушілер автомобиль өндірісін ұлғайту жөнінде жоспар құрып отыр. Импорт мәселесі біздің дилерлерімізге байланысты емес, қазір әлемде автомобиль жетпей жатыр. Барлық үміт отандық автоөндірісте, — дейді Скляр.

Қазақстанның автобизнес ассоциациясының вице-президенті Анар Мақашева дүйсенбіде өткен брифингте азаматтарды даңғаза шығармауға шақырып, мемлекеттік бағдарламаға қатысатын банктердің бәрі өтініш қабылдауға дайын деген кезде ғана автосалонға бару жөнінде кеңес берген. Оның сөзінше, автосалондар автокөлікке тапсырыс бергендердің барлығымен байланыста отыр.

Өткен аптада премьер-министрдің бірінші орынбасары Қазақстан банктері 16 мамырдан бастап жеңіл автокредит бере бастайды деп мәлімдеген болатын. Қазірге дейін Банк ЦентрКредит, Евразия банкі, Forte Bank пен Halyk Bank Өнеркәсіпті дамыту қорынан рұқсат алған. Қазақстанда жеңіл автокредит мемлекеттік бағдарламасы 2015 жылдан 2021 жылға дейін берілген еді. 2021 жылдың жазында Ұлтық банк бұл бағдарламаны қаржыландыруды тоқтатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG