“Маңғыстаумұнайгаз” компаниясының мердігер мекемесі “Оңтүстік Шығыс сервистік тобы” жұмысшылары жалақы азаятыны туралы жұмыс берушінің ескертуіне наразы. Жұмыс беруші өзіне тапсырыс беріп отырған “Маңғыстаумұнайгаздың” тарифті азайтып, қосымша ақыны төлеуден бас тартқанын айтады.
Маңғыстау облысының Қаламқас кенішінде “Маңғыстаумұнайгаз” компаниясының мұнай ұңғымаларын жөндеумен айналысатын “Оңтүстік Шығыс сервистік тобы” ЖШС жұмысшылары жұмыс берушінің жалақы азаятыны туралы 14 мамырда ескерту бергені туралы айтып, жалақыны кеспеуді талап етіп отыр. Бұл туралы Азаттыққа “Оңтүстік Шығыс сервистік тобы” ЖШС бұрғышы көмекшісі болып жұмыс істейтін Мақсат Юсупбеков айтты.
- Біз күні бүгінге дейін разрядымызға қарай 320-440 мың теңге арасында айлық алып келдік. Оған “Маңғыстаумұнайгаз” компаниясы 33 пайыз үстеме ақы қосатын. 14 мамырда жұмыс беруші жалақының 50-60% қысқаратыны туралы ескерту берді. Сонда 1 маусымнан бастап қолымызға 133-187 мың теңге аралығында айлық аламыз, сағат тарифі 2045 тенгеден 1137 теңгеге қысқарған. Оның себебін түсіндіріп айтпайды, - дейді ол.
Мақсат Юсупбеков жұмысшылардың жалақыны азайтуға қарсы болып отырғанын, бұрынғы тарифті өзгертпеуді сұрап отырғандарын айтады. Оның айтуынша, жалақы қысқаратыны жайлы хабарлама шыққаннан кейін жұмыс беруші еңбек өнімділігі, разрядқа қарай жұмысшыларға айлықтарына 40 пайыз қосатынын айтқан, бірақ келісім-шартта көрсетпеген.
Наразы жұмысшылар бұл туралы 17 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған видео түсіріп, әлеуметтік желіде таратты.
Ал “Оңтүстік Шығыс сервистік тобы” ЖШС директоры Талғат Қартбаев тапсырыс берушінің екі ай жұмыстан соң 33% үстемеақыны алып тастайтыны туралы ұсыныс айтқанын оның себебін түсіндірмегенін айтады.
– Біз жалақыға 14% қосамыз деп отырмыз. Ал 40% жоспардың орындалуына қарай қосылады. Тарифті өз жанымыздан өсіре алмаймыз. Негізі жыл соңына дейін өзгерген жалақымен жұмыс істеп шығуға көбі келісіп тұр. Себебі қазір жұмыс жоқ, бұл әйтеуір тұрақты табыс. 150 адам келіспеген соң қазір әрі-сәрі жағдайда тұрмыз, - дейді ол.
“Оңтүстік Шығыс сервистік тобы” ЖШС - “Маңғыстаумұнайгаз” компаниясы игеріп жатқан Қаламқас, Қаржанбас, Кенесары, Теңге кеніштеріндегі мұнай ұңғымаларын жөндеумен айналысады. Онда 250 адам 15\15 вахталық ауысыммен еңбек етеді. Мекеменің ең үлкен жұмыс жобасы Қаламқас кенішінде шоғырланған.
ПІКІРЛЕР