Accessibility links

Түркістан облысы: Өзбектер тұратын ауылдағы жер дауынан кейін "әлеуметтік алауыздықты қоздыру" бабымен іс қозғалды


Түркістан облысындағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.
Түркістан облысындағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.

Түркістан облысы Төле би ауданы Ханарық ауылындағы жер дауынан кейін полиция 19 мамыр күні "әлеуметтік алауыздықты қоздыру" бабы бойынша екі адамның үстінен қылмыстық іс қозғады. Осыған дейін әлеуметтік желіде ауыл маңына тұрғындардың жер дауымен жиналғаны, олардың көрші ауылға шабындық беруге қарсы екені жайлы түрлі видео тараған. Артынан негізінен өзбектер тұратын Ханарық ауылын полиция қоршағаны хабарланды. Ақпаратқа қарағанда, полиция аталған видео өзге ауыл тұрғындарын "наразы етіп, кикілжіңге итермелеуі мүмкін" деп болжаған.

Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаевтың Азаттыққа айтуынша, оқиға 17 мамыр күні кешке болған. Ханарық ауылының тұрғындары ауыл маңындағы жайылымдық жерге барып, таласқан. Жер иесі шөпті көрші қазақ ауылына оруға беретінін айтқанда оған ауыл тұрғындары өз малын жаятынын айтып қарсы шыққан. Кейбірі ауыр сөз айтқан. Мұны өздері видеоға түсірген.

- Түсірген видеоны 18 мамырға қараған түні WhatsApp әлеуметтік желісіне салған. Содан шамамен 3 сағат өткенде әкімшілік пен полиция ауылға баратын барлық жолды жауып, ешкімді кіргізбей қойды. Бұл видео жергілікті азаматтардың ашу-ызасын тудыруы мүмкін деген қауіп болды. Қазір видеода сөйлеген және оны түсіріп таратқан адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Зардап шеккендер жоқ, - дейді әкімнің орынбасары.

Әлеуметтік желіде тараған видеода бір топ адамның жайылым басында жиналып, өзбек тілінде сөйлесіп тұрғаны көрінеді. Видеодан "жерге иелік етейік", "қазақты кіргізбейміз" деп эмоциямен айтқан сөздері естіледі.

Көп ұзамай "Ханарық ауылы тұрғындарының кешірім сұраған видеосы" шықты. Онда ондаған адам жайылым басында айтқан сөздері үшін "кешірім сұрайды". Видеоның нақты қай күні, қай жерде жазылғаны белгісіз.

Түркістан облыстық полиция департаменті жер дауынан кейін Қылмыстық кодекстің 174-бабы 2-бөлігімен, яғни "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді. Полиция ауылды тәулік бойы күзетіп тұр.

Ханарық ауылында 290 үй бар. Онда 2 мыңнан аса адам тұрады. Тұрғындардың бәрі – өзбектер.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауданда 55 ауыл бар, оның 15-інде әртүрлі ұлт өкілі тұрады. 5 ауылға тек өзбектер шоғырланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG