Accessibility links

Шымкент прокуратурасы Қаңтар оқиғасына байланысты қамалған белсенділердің қорғаушысын іске куә ретінде шақырды


Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары мен белсенділер прокуратура алдында тұр. Шымкент, 10 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың туыстары мен белсенділер прокуратура алдында тұр. Шымкент, 10 қаңтар 2022 жыл.

Шымкент қалалық прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталып, қамалған азаматтық белсенділер Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек пен Ләззат Досмамбетованы қорғаушысы Мұрат Жолшиевті куә ретінде шақырды. Жолшиев прокурордың бұл шешімімен келіспейді.

Прокуратураның Жолшиевті куә ретінде тану туралы хабарламасына қарағанда, қорғаушы 5 қаңтарға қараған түні "жаппай тәртіпсіздік" кезінде Шымкент қалалық әкімшілігі алдындағы алаңда болған. Мұны қорғаушының өзі Facebook парақшасында хабарлаған. Онда "іске қатысы бар кез-келген адам айғақ алу үшін куә ретінде шақырылады және келуге міндетті. Куә ретінде шақыру Жолшиевтің адвокаттық қызметімен байланысты емес" екені жазылған.

Kazakhstan - Murat Zholshiev, an attorney of civil activists who detained during or after the January event.
Kazakhstan - Murat Zholshiev, an attorney of civil activists who detained during or after the January event.

Бұған дейін қорғаушыны прокуратура куә ретінде бес рет шақырған. Адвокат жауап беруден бас тартқан. Мұрат Жолшиев прокуратураға жауап беруден бас тарту туралы арыз жазғанын, арызға байланысты акт түзілгенін айтқан.

Адвокат прокуратураның бұл әрекетін адвокаттық қызметімен байланыстырады. Оның айтуынша, ол өзі Қаңтар оқиғасына байланысты азаматтық белсенді Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек пен Ләззат Досмамбетованы және оқиға кезінде оққа ұшып қайтыс болған Мейрамбек Шойбеков пен Дастан Аманбектің құқығын қорғайды. Шойбеков пен Аманбекті прокуратураның өзіндік қауіпсіздік басқармасы жәбірленуші ретінде, арнайы прокурорлар басқармасы Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен күдікті деп таппақ.

- Іс бойынша куә ретінде жауап берсем, қорғауымдағы адамдарды сотта қорғау құқығынан айырыламын, - дейді Жолшиев.

Ол қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт жиынға барғанын мойындайды, бірақ белсенділер ісін жарты жолда тастап кете алмайтынын айтады. Адвокат құқық қорғау органдарының шамамен бес айдан кейін бір-ақ өзін куәгер ретінде шақырғанынан саяси астар іздейді.

Шымкентте қаңтар оқиғасы 4-6 қаңтар күндері болды. Бейбіт басталған наразылық 5 қаңтарға қараған түні жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ресми мәлімет бойынша, оқиға кезінде 20 адам қайтыс болды, 120-дан аса адам түрлі дене жарақатын алды.

Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты 86 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олардың жетеуі – азаматтық белсенділер. Олардың ішінде Жолшиевтің қорғауындағы Аштаев, Сұлтанбек пен Досмамбетова қамауда жатыр.

Екі күн бұрын Шымкент соты Қаңтар оқиғасына байланысты "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған белсенді Ерғали Құлбаевқа төрт жыл шартты жаза берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG