Accessibility links

Мәжілістің бұрынғы спикерінің ұлы ұлттық компания бөлімшесі жетекшісі қызметінен босатылды


"Қазмұнайгаз" компаниясының ғимараты.
"Қазмұнайгаз" компаниясының ғимараты.

Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрланов "Қазмұнайгаз" ұлттық мұнай компаниясының бөлімшесі – "Қазмұнайгаз-Аэро" бас директоры қызметінен босатылды. Бұл жөнінде ұлттық компания 20 мамырда хабарлады.

Компанияны үш жылдан астам басқарған 34 жастағы Нұрлановтың орнына Елдар Шамсутдинов тағайындалған.

"Самұрық-Қазына" қорының құрылымына кіретін компанияда Нұрланов 2011 жылдан бері (тек 2011 жылдың қарашасы мен 2012 жылдың қыркүйегі аралығында ғана премьер-министр кеңсесі бөлімінің сарапшысы болған) жұмыс істеп келеді. Оның қызметтен кету себебі айтылмады.

1 ақпанда оның әкесі Нұрлан Нығматулин мәжіліс спикері қызметінен кеткен. Оның орнына президент әкімшілігін басқарған Ерлан Қошанов отырды.

Қаңтар қырғынынан кейін елде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың адамдары саналатын бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қызметтерінен айырылды. Назарбаевтың екі күйеу баласы Қайрат Шәріпбаев ("Қазақгаз") пен Димаш Досанов ("Қазтрансойл") Ұлттық компаниядағы лауазымды қызметтерінен кетті. Экс-президенттің бірнеше туысы жемқорлық күдігіне ілінді.

Бақылаушылар "қанды қаңтардан" кейін Назарбаев айналасындағылардың ықпалы әлсіреп, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықпалы артқанын айтады.

Тоқаев кейінгі апталарда Назарбаев тұсындағы экономиканы басқару ісін бірнеше рет сынаған. Осы аптада ол кәсіпкерлер бұрын "бұлыңғыр схемаларға" қатысуға мәжбүр болған және "белгілі бір адамдар" (бірақ атын атап, түсін түстеген жоқ) экономиканың тұтас бір саласын иеленіп алған деп мәлімдеген.

Осыған дейін Тоқаев "Самұрық-Қазына" қорының "жабықтығын" сынап, оны "саяси ықпалы бар адамдарды" тағайындайтын "ебедейсіз құрылым" деп атаған. Ол сонымен бірге қордағы сатып алу жүйесінің тиімсіздігі, еңбек даулары, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы, тым көп шығындар қоғам наразылығын туындатқанын айтқан.

  • 2014 жылдың ортасында нарықта пайда болған "Қазмұнайгаз-Аэро" үкімет қаулысымен қарулы күштер мен ҰҚК шекара қызметіне, ұлттық гвардияға, төтенше жағдай министрлігіне бензин, дизель, мазут, авиация отынын тасымалдайтын бірыңғай оператор ретінде бекітілген.

XS
SM
MD
LG