Accessibility links

Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің форумы: Кейбір делегация Ресей басқыншылығына қарсылық ретінде жиыннан шығып кетті


Ресей экономикалық даму министрі Максим Решетников.
Ресей экономикалық даму министрі Максим Решетников.

Бангкокте өтіп жатқан Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің экономикалық ынтымақтастық форумы кезінде АҚШ және өзге ел өкілдері Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсылық білдіріп, жиыннан шығып кетті. Бұл жөнінде ресми тұлғалар мен дипломаттарға сүйенген Reuters агенттігі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Ресей өкілі сөйлеп жатқан кезде АҚШ-пен бірге Канада, Жаңа Зеландия, Жапония және Австралия өкілдері залдан шығып кеткен. Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің экономикалық ынтымақтастық форумы екі күнге созылады. Аталған форумға 21 ел қатысады.

Тағы бір дипломат Reuters агенттігіне наразылық білдірген бес мемлекет өкілдері кездесудің қорытынды мәлімдемесінде Мәскеуге қатысты қатаң талаптар жазылуын талап етті деді.

Ал Ресейдің ТАСС агенттігі сенбі күні АҚШ өкілі сөйлеп жатқан кезде Ресей делегациясының залдан шығып кеткенін жазды. Ресей экономикалық даму министрлігі Телеграм арнасында Америка өкілінің баяндамасы тыңдалып жатқан шақта ведомство жетекшісі Максим Решетниковтің орындығы бос болып тұрғанын хабарлады.

Көптеген ел жетекшілері ақпанның соңында басталған Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптады. Кейінгі апталарда Еуроодақ, Батыс және өзге де елдер Ресей экономикасы, қаржы жүйесі, ірі компаниялары мен саясаткерлеріне санкция салған. Санкция салынғандар арасында президент Владимир Путин мен оның отбасы мүшелері мен айналасындағы адамдар да бар.

XS
SM
MD
LG