Accessibility links

Дағыстандағы соңғы қоңырауда Ресей агрессиясын айыптаған оқушының кешірім сұраған видеосы жарияланды


Мектеп алдында тұрған Ленин ескерткіші. Дағыстанның Избербаш қаласы.
Мектеп алдында тұрған Ленин ескерткіші. Дағыстанның Избербаш қаласы.

Дағыстаннның Избербаш қаласындағы мектептердің бірінде өтіп жатқан соңғы қоңырау салтанатында мектеп бітіруші "Соғысқа жол жоқ! Украинаға азаттық! Путин - сүмелек!" деп, микрофонмен айқай салған. Бұл сөзге қол соққандар көп екенін видеодан естуге болады. Кейінірек ол оқушы мен анасының кешірім сұраған видеосы пайда болды. Видеода мектеп оқушысы бұл әрекетін өзіне жұрт назарын аударту үшін жасағанын айтқан.

"Жасөспірім мен анасының үстінен әкімшілік іс қозғалған" деп хабарлайды Кавказ.Реалий. Анасы қызының "ойсыз әрекетіне өкінетінін, Путиннің саясатын, Украинадағы арнаулы операциясын толық қолдайтынын" видеомен мәлімдеген.

Соңғы қоңыраудағы болған жағдай 22 мамырда таңнан бастап әлеуметтік желіде тарап кеткен. Дағыстанның билікшіл телеграм-арналары мектеп бітіруші қызға "Ресей қарулы күштеріне тіл тигізді", ал оның анасына "кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеу міндетін орындамады" деген айып тағылғанын жазды.

Дағыстан ішкі істер министрлігі қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Кавказ.Реалии редакциясымен сөйлескен министрлік өкілі "болған жағдай тексеріліп жатқанын" айтқан. Бұл ақпаратты Дағыстан Білім министрлігі де растаған.

Кавказ.Реалии ақпаратына қарағанда, жергілікті шенеуніктер мектеп бітіруші қыз бен оның анасын кешірім сұрауға мәжбүрлеген. Дағыстан басшысы Сергей Меликов Избербаш қаласының мэріне өзі хабарласып, "болған жағдайды тексеруді" талап еткен.

Биыл 4 наурызда Ресей мемлекетттік думасы әкімшілік кодекске Ресей қарулы күштеріне көпшілік алдында тіл тигізетін әрекетті айыптайтын бап енгізген.

Жаңа бап бойынша 30 мыңнан 50 мың рубльге дейін айыппұл салынады. Құқық қорғаушылардың есебінше, қазірге дейін екі мыңнан астам адам осы бап бойынша жауапқа тартылған. Бұл бапты Ресейдің Украинадағы әрекетін айыптағандарға, тіпті кейде бейбіт өмірге шақырғандарға да қолдана беретіні байқалған. Бір рет әкімшілік жазаға тартылған адам бұл әрекетін тағы қайталаса қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Олай сотталғандар да бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG