Accessibility links

Бестөбе белсенділерінің ісі: Прокурорды кент адамдарының Әблязовпен байланысы қызықтырды


Бестөбе кентінің экобелсендісі Николай Катчиев
Бестөбе кентінің экобелсендісі Николай Катчиев

Ақмола облысының екі экобелсендісінің үстінен қозғалған қылмыстық істе прокурор күдіктілер мен куәларға шетелдегі оппозиционер Мұхтар Әблязов жайлы сұрақтар қойды.

Бұл істегі күдіктілерге "әлеуметтік араздық туғызды" деген айып тағылған. Қазір сот процесінде куәгерлер сұралып жатыр.

Сұрақ кезінде мемлекеттік айыптаушының әрбіріне Мұхтар Әблязовтың Бестөбедегі ахуал жайлы видеосын көрген-көрмегенін сұрағаны куәгерлерді таңырқатты.

Ешқандай да видеоролик көрмедім. Әблязов қайда, біз қайда? Оның бұл жерге не қатысы бар? — деп куәгердің бірі прокурорға қарсы сұрақ қойды. Өзге куәгерлер де осыған ұқсас реакция білдіріп, саясатты араластырмауды, халықтың экология жайы бойынша наразылық білдіргенін айтты.

Сотта сұралған куәгерлер кентте шаңның "адам төзгісіз" деңгейге жеткенін, халық арасында онкологиялық ауру көбейгенін, ал шағымдарын "ешкім естігісі келмеген" соң кент тұрғындары фабриканы аулаққа әкетуді талап етіп, жаппай наразылыққа шыға бастағанын айтты. Олар кент тұрғындарының бәрі қарсы шықса да, сот залында Александр Назаренко мен Николай Катчиев қана отырғанына таңқалғанын айтты.

Бұрын айыптау жағының кейбір куәгерлері алдыңғы сөздерінен айнып, жұмыстан шығарып тастауы мүмкін деп қауіптенгендіктен аталған екеудің үстінен шағым түсіруге мәжбүр болғанын айтқан еді.

Айыптау тарабы күдікті деп танылған екі адамның "Қазақстанның демократиялық тадауы" қозғалысына (Қазақстан соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым", Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған - ред.) қатысы болуы мүмкін" деп мәлімдеген еді. Күдіктілер оны үзілді-кесілді жоққа шығарып, қысым жасалып жатқанын мәлімдеген.

Прокуратура сөзіне қарағанда, Катчиев пен Назаренко ҚДТ жұмысына Қазақстанда тыйым салынғанын өте жақсы біле тұра, әлеуметтік топтар арасындағы өз беделін көтеру, танымал бола түсу үшін әлеуметтік желіге ҚДТ жетекшісі Мұхтар Әблязовтың видеороликтерін салған. Ол видеода "Катчиевтің Бестөбе кенті тұрғындары мен "Қазақалтын Technology" қызметкерлері арасында әлеуметтік араздық туғызуға және қоғамдық қатынастарға нұқсан келтіруге бағытталған әрекеттеріне" қолдау көрсетілген. Сотталушылар әлеуметтік желіде ондай видео таратқанын, ҚДТ-мен байланысын жоққа шығарды. Ол видеоларды әлеуметтік желіге кім салғаны сотта әзірге анықталған жоқ.

Ақмола облыстық құрылыс басқармасының бастығы мен фабрика иесі, "Қазақалтын Technology" компаниясының бас директоры арызынан кейін экобелсенділер Николай Катчиев пен Александр Назаренконың үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Бұған дейін Азаттық сұрағына жауап берген "Қазақалтын Technology" компаниясы полициядан "фабриканы тоқтатуға дейін жеткізген ақпарат таратқаны үшін Бестөбе кентіндегі бастамашыл топ өкілдеріне шара қолдануды" сұрағанын хабарлаған. "Қазақалтын" жергілікті тұрғындармен ынтымақтасуға талпынғанын, тұрғындар көнбегендіктен, іс ашық қарсылыққа ұласқанын мәлімдеген.

Біршама уақыттан кейін фабрика қайта іске қосылып, Катчиев пен Назаренконың үстінен қылмыстық іс ашылған. Сотталушылар мен олардың адвокаттары полиция бастапқыда "жалған ақпарат таратты" деп іс қозғап, кейін оны "әлеуметтік араздық туғызды" дейтін ауыр бапқа неге ауыстырғанын түсінбей отырғанын мәлімдеген еді.

Бұдан бұрын Ақмола облысының Ақсу, Бестөбе, Жолымбет және Степногорск қалаларының халқы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдаған. Олар алтын өңдейтін зауыт жанындағы Бестөбе кентінің экологиясын өзгелермен бірге қорғап, істі болып отырған Катчиев пен Назаренконы босатуды талап еткен. Бұл жөнінде олар сәуір айында Ақмола облысының әкімімен кездескенде де айтқан. Кездесуге қатысқан прокуратура өкілдері "іс нүктесін сот қояды" деп жауап берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG