Accessibility links

Қазақстан Еуразия экономика одағы елдері арасында инфляция екпіні бойынша екінші орында тұр


Cәуір айында Қазақстан инфляция бойынша Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) мүше елдер арасында екінші орынға шықты. ЕАЭО елдері арасында ең үлкен инфляция сәуір айында Арменияда байқалған (2,3 пайыз). Инфляция Қазақстан мен Қырғызстанда екі пайыз, Ресей мен Беларусьта — 1,6 пайыз болған. Бұл жөнінде Қазақстан ұлттық статистика бюросына сілтей отырып Kursiv.Media басылымы жазды.

"Бір жылда (2021 жылдың сәуірі мен 2022 жылдың сәуірі аралығы) тарифтер мен тұтыну тауарлары және қызмет көрсету Ресейде 17,8 пайызға, Беларусьте — 16,8 пайызға, Қырғызстанда — 14,5 пайызға, Қазақстанда — 13,2 пайызға, Арменияда8,4 пайызға артқан" делінген хабарда.

Бір ай ішінде алкогольсіз сусындар Ресейде - 22,6 пайыз, алкоголь мен темекі Қырғызстанда — 15,2 пайыз, киім мен аяқ киім — Беларусьте — 9,5 пайыз, тұрмыстық заттар — Ресейде — 24,2 пайыз, көлік саласындағы қызмет бәрінен көбірек Беларусьте — 26,2 пайызға қымбаттаған.

20 мамырда ТМД елдері үкіметтері кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов ТМД елдерін азық-түлік бағасының қымбаттауымен күресті күшейтуге шақырған. Қазақстан премьер-министрі сайтының ақпаратына қарағанда, Әлихан Смайылов көрші елдер үкіметінің басшыларын "аграрлық нарықтағы еларалық жосықсыз бәсекені төмендету", соның ішінде бірлескен азық-түлік балансын жасап, қолданысқа енгізу, ауыл шаруашылығы саласы бойынша инвестициялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекетаралық немесе бірлескен кәсіпорындар құру" жөнінде бастама көтерген

Мамыр айының алғашқы жартысында ұлттық банк барлық компонентер бойынша бағаның өсуіне байланысты Қазақстанда инфляция екпіні күшейіп, наурыз айында 12 пайыздан 13,2 пайызға жеткенін хабарлаған. Ұлттық банк болжамына қарағанда, жыл аяғына дейін "инфляция деңгейі жоғары болады".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG