Accessibility links

Қаңтар оқиғасы: "Терроризм" бабы бойынша айыпталған Тимур Кимге қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды


Тимур Ким абақтыда көрген азаптауларын баяндап жатыр. 18 ақпан 2022 жыл.
Тимур Ким абақтыда көрген азаптауларын баяндап жатыр. 18 ақпан 2022 жыл.

Алматы прокуратурасы Қаңтар оқиғасына байланысты "терроризм" бойынша айыпталған Алматы тұрғыны Тимур Кимге қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Бұл жөнінде Тимур Кимнің әйелі Инстаграм парақшасында хабарлады.

"Мені заңсыз ұстап, 255-баптың 4-бөлімі бойынша "терроризмге қатысы бар" деп айыптады. Қоғам бұл іс жайлы хабардар болғандықтан жолдасым екеуіміз және Qantar қоры әділдікке қол жеткіздік. Бүгін, 25 мамырда маған қозғалған істі тоқтатты" деді Ким.

Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады.

Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.

Алматыдағы абақтыда азапталғанын айтқан Тимур Ким бұған дейін Азаттыққа берген сұхбатында қамауда өткізген 25 күнін тозаққа теңеген еді. Оның айтуынша, оны абақтыда ұрып-соғып, тоқпен азаптап, "резеңке таяқпен зорлаймыз, әйеліңді террорист жасаймыз" деп қорқытқан. Кейін билік жәбірленушінің арызы бойынша азаптау бабымен іс қозғаған. Тимур Ким ақпан айының басында үйқамаққа шығарылған.

Ол 25 мамыр күнгі видеосында өзін азаптаған қызметкерлер тиісті жазасын алатын шығар деп үміттенетінін жеткізген.

Осыған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған азаматтар "Азаптау" бабы бойынша қозғалған істер тергеу барысында дәлелденбей, өздерін қинап-азаптағандар жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деген күдік айтқан. Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда болған жүздеген адам өздерінің азапталғаны жайлы айтып, 200-ден астам іс қозғалған. Алайда, әзірге күштік құрылымның тек 11 өкілі күдікті деп танылған. Қамалғандары одан да аз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG