Accessibility links

Ресей Мариупольден Украинаның астығы мен металын әкетуге дайындалып жатыр


Мариуполь порты
Мариуполь порты

Мәскеу Ресей әскерінің бақылауына өткен Мариуполь қаласының портынан Украина астығы мен металын алып кетуге дайындалып жатыр. Бұл жөнінде Азаттықтың Украин редакциясы спутник фотоларына жасалған талдауға сүйеніп хабарлады.

Ресейдің Украина портындағы жүктерді әкетуге талпынып жатқанын бұған дейін "Мариуполь теңіз сауда порты" мемлекеттік кәсіпорнының директоры Игорь Барский мәлімдеген. Оның сөзінше, порттағы металл мен шойынның бағасы 170 миллион долларға тең.

"Схеми" мәліметтеріне қарағанда порт маңында шетел туын көтерген төрт жүк кемесі тұр. Спутник суреттері олардың жүк артатын орынға жақын екенін көрсеткен. Мариуполь портындағы металл Украина олигархы Ринат Ахметовтің "Метинвест" компаниясына, ал астық мемлекеттік мекемелерге тиесілі. "Метинвест" металдың бір бөлігі Италияға шығарылуға тиіс болғанын хабарлады.

Мариуполь мэрі Вадим Бойченконың сөзінше, Ресей порт жұмысын қайта жандандыруға тырысып жатыр.

Қаланың ресейшіл сепаратистер тағайындаған мэрі Константин Иващенко Мариупольден алғашқы кеменің аттануға дайын екенін, Дондағы Ростовқа шамамен үш мың тонна металл өнімдерін әкететінін мәлімдеді. Иващенконың сөзінше, портта шетелдің екі кемесі тұр. Оларға шығып кетуге рұқсат берілген.

  • Мариуполь наурыздың бас кезінде Ресей әскерінің қоршауында қалған. Украина жауынгерлері ұзақ қарсыласып, "Азовсталь" зауытына бекінген. Өткен аптада Ресей қорғаныс министрлігі комбинат Ресей әскерінің бақылауына өткенін мәлімдеген. Украинаның екі жарым мыңнан астам жауынгері тұтқынға түскен.
  • Мариуполь Ресей әскерінің шабуылынан кейін толығымен қирап, ондаған мың адам өлген. Қаладағы құрылыстың 90 пайызы жойылған. Соғысқа дейін 400 мың адам өмір сүрген қалада 100 мыңға жуық халық қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG