Accessibility links

Ресей думасы әскерге келісімшартпен барғысы келетіндердің жасына қойылған шектеуді алып тастады


Ресей Мемлекеттік думасы

25 мамырда Ресей мемлекеттік думасы әскери қызметтен өту туралы алғашқы келісімшарт жасауға қойылатын жас шегіне тыйымның күшін жоятын заң қабылдады, артынша мұны федералдық кеңес мақұлдады.

Бұл өзгеріс бойынша, әскери қызметке бару үшін келісімшарт жасағысы келетін Ресейдің еңбекке жарамды адамдары мен шетелдіктер (Ресейде ер адамдарға 65 жас) жасына шектеу қойылмайды. Бұрын Ресейдің 40 жасқа дейінгі, шетелдің 30 жасқа дейінгі азаматтары ғана келісімшарт жасай алатын еді.

Заңның авторлары - қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары және думаның қорғаныс комитетінің төрағасы, "Единая Россия" партиясының депутаты Андрей Картаполов пен оның бірінші орынбасары Андрей Красов "жаңа заң әскерге қажетті мамандар, медиктер мен инженерлер тартуға мүмкіндік береді" деп санайды. Заң түсініктемесіне олар "жоғары дәлдікпен ататын қаруларға, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға кәсіби мамандар қажет. Ондай мамандар 40-45 жаста екенін тәжірибе көрсетіп отыр" деп жазған.

Мемлекеттік дума бұл заңды Ресей әскеріне мобилизация жасау туралы сөз шыға бастағанда қабылдап отыр. Мамыр айында Британия мен АҚШ барлауы "Владимир Путин Ресей әскерінің сәтсіздігі мен шығындарына байланысты мобилизация жасауы мүмкін" деп жазған еді. Кремль оны жоққа шығарған.

Ресейде "әскери құжатының мәліметтерін тексеру" деген желеумен ер адамдарды әскери комиссариатқа шақыра бастаған. Бұл жөнінде Азаттықтың Орыс редакциясына Нижний Новгород қаласының тұрғындары хабарлаған. ВВС Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін-ақ "жасырын мобилизация бастады" деп жазды. Әскери комиссариатқа келіп, "әскери есеп құжаттарын тексерістен өткізу" туралы ұсыныс Ресейдің барлық өңірінде болып жатыр.

Мұндай шақырумен әскери комиссариатқа келгендерді әскерге өз еркімен баруға үгіттейтіні, алайда оған бәрі бірдей келіспейтіні байқалған. Украина Жоғарғы Радасының Адам құқығы жөніндегі өкіл Людмила Денисованың мәліметіне қарағанда, Ресей аннексиялаған Қырымның ер адамдарын да "тексеріс" үшін әскери комиссариатқа шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG