Қырғызстандағы Құмтөр алтын кенінің орталық карьерінде жарық пайда болып, ондағы қызметкерлер мен техника қауіпсіз жерге шығарылды. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне "Ұлы көшпелілер мұрасы" ұлттын холдингінің жетекшісі Теңіз Бөлтүрік хабарлады.
"Маман шақырттық, тексеріп жатырмыз. Табиғи құбылыс. 2002 және 2006 жылдары да сондай болған. Карьер өте үлкен - ұзындығы 3 км, ені - 2 км, ал тереңдігі - 1 км. Мұндай жағдайда жыныс қозғалып тұрады" деді Бөлтүрік.
Үкімет басшысы Ақылбек Жапаровтың тапсырмасымен мекемеаралық комиссия құрылған. Ол карьердегі жарықтың пайда болу себептері мен салдарын зерттейді.
Құмтөр - Қырғызстандағы ең ірі алтын кені. Мұнда жылына 15-17 тонна алтын өндіріледі. Кеніштен түскен кіріс ел экономикасының шамамен 9 пайызын құрайды. Былтыр мамыр айында қырғыз билігі бұрынғы билік тұсында кеніш айналасында жемқорлықпен келісім-шарт жасалған деп мәлімдеп, бірқатар бұрынғы шенеуніктерді ұстаған. Кенішті басқаруды өз қолына алған. Ал кенішті игеріп келген канадалық Centerra Gold Inc. компаниясы қырғыз үкіметін бірнеше рет халықаралық сотқа берген.
Биыл сәуір айының басында Қырғызстан үкіметі мен канадалық Centerra Gold Inc. келісімге қол қойды. Оған сәйкес, кеніштің жалғыз иесі Қырғызстан болады, ал қырғыз үкіметі канадалық компаниясындағы бұған дейін иеленіп келген 26 пайыз акциясын қайтарып береді. Тараптар бір-біріне сотқа шағым түсіруден бас тартты.
ПІКІРЛЕР