Accessibility links

Құрылысшылар одағы ауыл шаруашылық жерлерін үй салуға беруді ұсынды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Баспана тапшылығы мәселесін қалалар мен елді мекендер маңында қолданылмай жатқан ауыл шаруашылық жерлерін үй салуға беру арқылы шешуге болады. Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев осылай деп мәлімеді. Одақ мемлекетке Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау, Қарағанды және өзге қалалар маңындағы жерлерді жеке тұрғын үй салуға беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

—Қазақстанда бұл ең ауыр сұрақ. Алдағы 7-8 жылда халық саны тағы үш миллионға көбейеді. Бес миллион адам ауылдан көшіп келеді. Табиғи өсім бар, оған қоса Қытай және өзге елдерден келетіндер бар. Бізде 11 млн адам баспанаға зәру болады. Егер қазіргідей қарқынмен үйлерді сала берсек, алдағы он жыл ішінде баспанаға қажеттілік мәселесін шеше алмаймыз. Сөз жоқ, біздің пікірімізге қарсы шығатындар болады. Бірақ мәселе уақытта ғана сияқты. Салып жатқан үйлерді көбейту керек. Біз ұсынысымызды үкімет, президентке жеткізгіміз келеді, олар естіп, шешім қабылдасын. Жалғыз амалы – 10 сотық жер беру, – деді Ерғалиев.

Құрылысшылар одағының алдын ала есебінше, коммуникацияға – электр желілері, су құбыры, жол құрылысына – 6,4 триллион теңге (14,8 миллиард доллардан астам) қажет. Ерғалиевтің сөзіне қарағанда, жеке тұрғын үй салу проценттік мөлшерлемесі жоғары ипотекадан да тиімдірек.

Одақ сонымен бірге құрылыс материалдарын 15-20 жылға несиеге беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр. Осылайша қалаларда баспанаға сұраныс азаяды, ал шаршы метр құны арзандайды. Мемлекет белгілі бір категориядағы азаматтарға жеңілдікпен беретін баспана қорының бір бөлігі босайды.

Ерғалиевтің айтуынша, қазіргі кезде миллион адам баспана алу бойынша "Отбасы банк" кезегінде тұр. Жергілікті атқару органдары құрастырған баспана алатын азаматтар тізімінде 500 мың адам кезекте тұр. 1,5 млн адам он сотық жер алуға өтініш берген.

Жер телімін алу құқығы "Жер қатынастары туралы" заңның 50-бабында белгіленген. 10 сотық жер алуға өтінішті кәмелет жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы түсіре алады. Өтініш тапсырушының баспанасы бар-жоғы маңызсыз. Көптеген ірі қалаларда әкімдіктер өтініш берушілерге дайын жер телімдері жоқ екенін айтып, өтініштерін арнайы есепке алып жатыр, яғни олар кезекке қойылады.

Өткен айда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтар он сотық жер алу өтініштерін Egov арқылы да бере алады деп хабарлаған. Оған дейін өтініш әкімдіктерге қағаз түрінде беріліп келген.

—Жұрт жер алуға кезекке тұрды, бірақ қазір тек тізімін ғана жасап жатыр, ал жерді ешкімге беріп жатқан жоқ. Қашан беретіні де белгісіз. Инфрақұрылым жоқ деп те жатыр. Ал нақты жағдайда біз мәселені бірден шешуді ұсынып отырмыз, инфрақұрылымды қалай шешу керегін де айтып отырмыз. Егер баспана мәселесін шешсек, онда адамдар жалақысының бір бөлігін басқа нәрсеге жұмсар еді, – деді Талғат Ерғалиев.

Үкімет немесе жергілікті орган өкілдері әзірге бұл ұсынысқа реакция білдірген жоқ.

Қазақстанда жер пайдалану мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінеді: ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер, елді мекен орналасқан аумақ, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылық емес мақсаттағы жерлер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, тарихи-маңызы бар жерлер, орман қоры, су қоры және тағы басқа. Жердің пайдалану мақсатын өзгертумен мемлекеттік органдар айналысады.

XS
SM
MD
LG