Accessibility links

Ресей қаржы министрі доллар мен еуроны "уытты фантиктер" деп атады


Ресей қаржы министрі Антон Силуанов.
Ресей қаржы министрі Антон Силуанов.

Ресей қаржы министрі Антон Силуанов қаржы университеті студенттерінің алдында сөйлеген кезде доллар мен еуроны "уытты фантиктер" деп атады.

"Валютаның не керегі бар? Яғни, біз өз байлығымыз - газды сатып, орнына фантиктер, уытты фантиктер алып жатырмыз. Олардың не қажеті бар?" деді министр.

Лекция барысында ол студенттерге Украинадағы "арнайы операция" (Ресей билігі Украинаға басқыншылығын соғыс деп атауға тыйым салған) "көп ресурсты" талап етеді деп айтқан, бірақ нақты көрсеткіш келтірмеген.

Оның айтуынша, экономиканы қолдау үшін биыл 8 трлн рубль бөлінген (салыстыру үшін: мысалы, 2022 жылы Ресей зейнетақыны төлеуге 600 млрд рубль жұмсайды).

Силуанов сонымен бірге лекция барысында төмендегі жайттарды да атап өткен:

  • Ресей дефолтқа ұшырайды деген мәлімдеме шындыққа жанаспайды
  • Мемлекет қарызын төлеу бойынша шектеулерге кезіксе де Ресей сенімді қарыз алушы имиджінен айырылмайды
  • Ресейдің халықаралық резерві бұғаттан босамайынша азаматтығы жоқ тұлғаларға елден қаржы алып кетуге салынған тыйым күшінде қала береді
  • Ресей бірінші кезекте экспортерлерді қолдайды, әзірге импорт жабық
  • Жаңа "Макдональдстағы" тамақ бұрынғыға қарағанда дәмдірек бола түседі.

Наурыз айының соңында Ресей президенті Владимир Путин Ресей газын Еуропа елдеріне рубльмен сатуды тапсырған. Ол үшін олар Ресей банктерінен есепшот ашуы тиіс. Нәтижесінде төлем бәрібір еурода жүргізіледі. Банк ішкі нарықтан рубль сатып алып, оны газ сатушының рубльдік есепшотына аударады.

Польша мен Болгария бұл келісім-шартқа қайшы деп мәлімдеп, аталған схема бойынша төлем жүргізуден бас тартқан. Ал "Газпром" аталған елдерге газ тасымалдауды тоқтатты.

Осындай схема күшіне енгеннен кейін рубль құны артқан. Алайда кейінгі аптада доллар мен еуро қайта 11 пайызға қымбаттап, рубль құнсыздана бастады.

  • 24 ақпанда Ресей әскері президент Владимир Путиннің бұйрығымен Украина аумағына басып кірген. Ол "әскери операцияның" мақсаты "денацификация" және "демилитаризация" деп атаған. Бірақ нақты нені меңзегенін түсіндірмеді. АҚШ пен Батыс елдері Мәскеуге қатаң санкция салды. Шектеу Ресейдің жоғары лауазымды тұлғаларын ғана емес, қарапайым азаматтарға да әсер етті.
XS
SM
MD
LG