Бүгін, Алматыда "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігі 5-маусымда өтетін республикалық референдумға арналған баспасөз жиынын өткізіп, азаматтарды тәуелсіз бақылаушылар қатарына қосылуға шақырды.
Баспасөз жиынына бірлестік мүшелері Арайлым Назарова, Сәкен Шардаров, Мұхтар Ғалымжанов, Батыр Адайбаев, Әлнұр Ильяшев қатысты. Олардың сөзінше, "референдумды тәуелсіз бақылаушылардың бақылағаны – биліктің мүддесіне жұмыс істеу" дегенді білдірмейді.
- Референдумға бармаймыз деушілер де көп екенін де білеміз. Халықтың референдумға барғанын да, бармағанын дәлелдеу керек, сол үшін бақылауымыз қажет,- дейді Арайлым Назарова.
Арайлым Назарованың сөзінше, бақылаушылар әлі де жеткіліксіз.
- Мысалы, Алматы қаласында 574 сайлау учаскесі бар. Оның әрбірінде кемі екі тәуелсіз бақылаушы болғаны дұрыс. Біздің ұйым соның 35 пайызына ғана бақылаушы жеткізе алады,- деді ол.
Белсендінің сөзінше, билік тәуелсіз бақылаушыларға түрлі кедергі жасайды, соның салдарынан кейінгі парламент сайлауы кезінде "Алматы қаласы тәуелсіз бақылаушылар" ұйымынан барған 135 бақылаушының 23-і ғана сайлау учаскелерін соңына дейін бақылай алған.
"Алматы қалалық тәуелсіз бақылаушылар" ұйымы 2019 жылы құрылған. Сол жылы маусымдағы президент сайлауын белсене бақылаған бақылаушылар кейін бір ұйымға біріккен. Одан беріде парламент сайлауын бақылап, "сайлау заңын бұрмалады" деп бірнеше сайлау учаскесін сотқа берген. Алайда бұл ұйым кейбір істердің сотта мүлдем қаралмағанын, қаралғандарын сот биліктің мүддесіне жығып бергенін хабарлаған.
Қазақстанда түрлі деңгейдегі сайлаулар кезінде өздерін "тәуелсіз бақылаушы" деп таныстыратын ұйымдар пайда болатыны байқалған. 2019 жылы маусымда өткен президент сайлауында "Аманат", 2021 жылы парламент сайлауы кезінде "Таза сайлау" деп аталатын бақылаушы ұйымдар белсене жұмыс істеген. Олар "сайлауда біршама заңсыздықтар болғанымен, жалпы заңға сай өтті" деп мәлімдеген. Бұған дейін Қазақстандағы президент және парламент сайлауларын халықаралық бақылаушылар "әділ өтті" деп мойындаған емес.
Маусымның бесіне Қазақстан конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға байланысты республикалық референдум белгіленген. Тәуелсіз сарапшылар "референдум сұрағы қоғамда жеткілікті талқыланбады, қазіргі билік өзіне ыңғайлы өзгеріс жасауға әрекеттеніп отыр" деп сынайды. Қазақстан билігі бұл референдумды "үлкен саяси реформаның бір сатысы" деп есептейді.
ПІКІРЛЕР