Accessibility links

Ауыр атлет Илья Ильиннің ағасы «пара беруге оқталды» деп айыпталып, айыппұл төлеуге міндеттелді


Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин
Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин

Қызылорда қалалық соты 27 мамырда қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің ағасы Алексей Ильинді "пара беруге оқталғаны үшін" айыппұл төлеуге міндеттеді. Бұл туралы 31 мамырда Қазақстанның жемқорлықпен күрес агенттігі хабарлады. Алексей Ильин облыстағы балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры болып қызмет етіп келген.

Алексей Ильинге сот айыппұл салған. Бірақ айыппұл көлемі айтылмайды. Ақпаратқа қарағанда, облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектептерінің 5 директорына, оның ішінде Ильин, 10 миллионнан 20 миллион теңгеге дейін (шамамен 24 мыңнан 48 мың долларға дейін) айыппұл салынған".

Бұдан бөлек, Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Оспановқа да бес миллион теңге айыппұл салынған.

"Жоғарыда аталған барлық тұлғалар облыстың спорт мектептерінің қызметіне жүргізілген талдау бойынша оң шешім шығарғаны үшін тексеруші адамға 6,5 миллион теңге мөлшерінде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды" делінген ақпаратта.

Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылған. Бірақ үкім әзірге заңды күшіне енбеген.

Алексей Ильин — ауыр атлет Илья Ильиннің туған ағасы. Допинг дауына қалған Ильин 2008 жылғы Пекин және 2012 жылғы Лондон олимпиадасының алтынын қайтарған еді.

IWF шешімімен қазақстандық штангашылар Илья Ильин, Зұлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға спорттан шеттетілді. Төртеуінің де жазасы 2016 жылдың маусымынан басталып есептелді. 2018 жылы жаза уақыты аяқталған соң Ильин мен Чиншанло спортқа оралған. Бірақ пандемияға байланысты 2020 жылғы Токио олимпиадасы кейінге шегерілген соң Ильин спорттан кететінін жариялады. Чиншанло Токио олимпиадасына қатысып, қола медаль иеленді.

Ұлттық құрамадағы допинг дауының көбі Алексей Ни бас бапкер кезінде болды. Сарапшылар мен жанкүйерлер спортшылардың допинг дауына ілінгеніне осы маманды айыптайды. Даудан кейін ұлттық құраманы 1994 жылдан бері жаттықтырып келген Алексей Ни қызметтен кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG