Accessibility links

Таулы Бадахшанда "арнайы операция" кезінде бес адам қаза болды


Таулы Бадахшан облысы.
Таулы Бадахшан облысы.

Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысында "терроризмге қарсы операция" кезінде Рушан ауданының бес тұрғыны қаза болды. Бұл жөнінде Тәжікстан ішкі істер министрлігі хабарлады.

Тәжікстан билігі 31 мамырда қаза болған тұрғындарды "ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері" деп атады. Ал туыстары мұны жоққа шығарып, олардың қарусыз бейбіт тұрғын екенін айтты.

Рушан тұрғындарының қандай жағдайда өлтірілгені белгісіз, алайда ІІМ олардың "қарумен қарсыласқан кезде" атып өлтірілгенін хабарлады. Құқық қорғау органдары қаза болған азаматтардың аты-жөнін де атады: Едгор Гуломхайдаров (1974 жылы туған), Әлішер Почоев (1976 жылы туған), Хабиб Мавлододов (1987 жылы туған), Жангибек Шехбуров (1992 жылы туған), Дохунда Палаев (1969 жылы туған).

Рушан ауданында интернет және телефон байланысы болмағандықтан тәуелсіз дереккөздері арқылы ақпаратты тексеру қиын.

Билік сонымен бірге Рушан ауданында тексерістер кезінде қару-жарақтар тәркіленгенін де хабарлады.

Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы жағдай мамырдың ортасында қайта ушыққан. Сол күні Хорог қаласының жүздеген тұрғыны наразылық акциясын өткізіп, аймақ басшыларын қызметтен алуын, Бадахшан тұрғындарын қудалауды доғаруын, қараша оқиғасын әділ тергеуін, қамаудағы саяси тұтқындарды босатуын талап еткен. Артынша күштік құрылымдардың оларды күшпен басқаны, тұрғындарға оқ атылғаны хабарланды. Билік аумақта "терроризмге қарсы операциялар" жүргізе бастады. Содан бері ондаған адамның қаза болғаны айтылды. Жараланғандар да бар. Бірқатар белсенділер ұсталған. 20 мамырда тәжік билігі "терроризммен күрес операциясы" барысында 114 адам ұсталғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG