Accessibility links

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемге арналған мурал пайда болды


Қаңтардағы шеру. 2022 жыл.
Қаңтардағы шеру. 2022 жыл.

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркем Мелдеханға арналған мурал пайда болды. Masa.media сайтының жазуынша, мурал бір жыл бұрын Назарбаевтың "күшін жоюды" талап еткен сурет салынған жерде пайда болған. Яғни, Жароков пен Мыңбаев көшелерінің қиылысындағы гараж қабырғаға салынған. Бірақ жұма күні көп ұзамай муралдың өшірілгені белгілі болды.

Муралда #QazaqKoktemi деген хэштег, сонымен бірге "Қай аға маған оқ атқан?" деген жазу болған. Бұл қайғыдан қан жұтқан Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан шығарған өлеңнен үзінді.

Мурал туралы ақпаратты Rukh2k19 тобы инстаграм-парақшасында жариялады. Онда Қаңтар оқиғасын әділ тергеуді талап еткен үндеу де бар.

"...Біз әділдікті талап етеміз. Бізге қосылып, сіз де әділдікті талап етіңіз. Өзімізді өзіміз қорғамасақ, басқа ешкім келіп, қорғамайды..." деп жазылған жазбада.

Vlast сайты жұма күні ілінгеніне бірнеше сағат болмай жатып муралдан Айкөркемнің суреті алынып, сырланғанын хабарлады.

"Билік тіпті қаза болған кішкентай қыздың суретінен де қорқады" деп жазды белсенді, журналист Әсем Жәпішева Twitter парақшасында.

Төрт жасар Айкөркем Мелдехан 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оның 16 жастағы әпкесі жараланып, ақпанда ауруханадан шыққан. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Қоғам талабына қарамастан билік бейбіт тұрғындарға оқ ату бойынша қанша күдікті бар екенін айтпады.

  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Билік шетелде дайындықтан өткен "террористер шабуылы" туралы айтты, бірақ оған дәлел-айғақ келтірген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ол сонымен бірге елде билікті күшпен басып алу талпынысы болғанын айтып, алайда оны кім ұйымдастырғанын нақтыламады.
  • Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 230 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты жарияламады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG