Accessibility links

Жанболат Мамайды босатуды талап етіп, плакат ілген "демпартия" белсенділеріне айыппұл салынды


Алматының Әл-Фараби мен Асқаров көшелерінің қиылысындағы көпірде ілініп тұрған Жанболат Мамайды босатуға үндеген плакат. Көп ұзамай полиция плакатты алып тастады, оны ілгендерді ұстады. 3 маусым 2022 жыл.
Алматының Әл-Фараби мен Асқаров көшелерінің қиылысындағы көпірде ілініп тұрған Жанболат Мамайды босатуға үндеген плакат. Көп ұзамай полиция плакатты алып тастады, оны ілгендерді ұстады. 3 маусым 2022 жыл.

3 маусымда Алматының Бостандық ауданы ішкі істер басқармасы тіркелмеген "Демократиялық партия" белсенділері Аружан Дүйсебаева, Инга Иманбай, Нұрбол Бәйтереков және Гүлнар Мирмамбетоваға әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Бұл жөнінде олардың адвокаты Ернар Кенжебаев хабарлады. Белсенділерге "Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу" бабы (505-бап) бойынша айып тағылған.

Жұма күні Алматының Әл-Фараби мен Асқаров көшелерінің қиылысындағы көпірде саяси белсенді Жанболат Мамайды босатуға үндеген плакат пайда болған. Онда "Тоқаев, Жанболат Мамайды босат" деп жазылған. Көп ұзамай полиция плакатты алып тастап, оны ілген "демпартия" белсенділерін ұстады. Артынша олардың әкімшілік жазаға тартылғаны белгілі болды.

Адвокат Ернар Кенжебаевтың айтуынша, белсенділер тағылған айыптармен келіспеген, әкімшілік хаттамаға қол қоймаған. Оларды полиция таңғы сағат бестер шамасында оқиға орнынан ұстап әкеткен.

"Апелляция мәселесін әзірге шешпедік. Қазір қарастырамыз" деді адвокат Азаттыққа айыппұл жайлы шешім шыққаннан кейін.

  • Тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай қазір өзіне қозғалған екі қылмыстық іс бойынша ( “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату”) қамауда отыр. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады. Бұған дейін жақтастары наразылық өткізіп, белсендіні босатуға шақырған.
  • Осыған дейін Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.
  • Мамай авторитар үкіметті қатаң сынаумен танылған. Ол Қазақстанның демократиялық партиясын құрып, тіркеуге тырысқан. Бірақ биліктің кедергі келтіргенін алға тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG