Таразда Қаңтар оқиғасына байланысты "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған 8 адамға сот үкімі шықты. Сот сегіз адамның әрқайсысына төрт жыл шартты жаза берді. Бұл жөнінде Тараз қаласы №2 сотының баспасөз қызметіне сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
Сот хабарламасына қарағанда, айыпталушылар процессуалды келісімге келген. Сегіз адамның барлығы тағылған айыптарды мойындаған. Сот олардың шын өкінгенін және бұрын сотталмағанын ескерген.
"4 қаңтарда Ж., І., Л., Е., Ж., Ә., А. және С. есімді азаматтар Тараз қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты, оқиға кезінде күш қолданылды, вандализм актісі орын алды, мүліктер қиратылып, талқандалды, полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбады. Сотталушылар наразылар тобымен бірге жүріп, полиция мен әскерилердің заңды талаптарына бағынбай тәртіпсіздікке белсене қатысты, осылайша құқық қорғау орган қызметкерлерінің денсаулығына зиян тигізді, материалдық шығын келтірді" деді сот өкілдері.
Осы апта ортасында бас прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты 331 адамға сот шешімі шыққанын хабарлаған. Қазір Қаңтар бойынша 500-ден астам адам күдікті ретінде қамауда отыр.
- Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Билік шетелде дайындықтан өткен "террористер шабуылы" туралы айтты, бірақ оған дәлел-айғақ келтірген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ол сонымен бірге елде билікті күшпен басып алу талпынысы болғанын айтып, алайда оны кім ұйымдастырғанын нақтыламады.
- Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 230 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты жарияламады.
- Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
- Осыған дейін Қаңтар кезінде жақынынан айырылған азаматтардың туыстары, белсенділер мен құқық қорғаушылар билікті бейбіт халыққа оқ атқандарды (оққа ұшқандар арасында балалар да бар – ред.) жауапқа тартуды, оқиғаны әділ тергеуді талап еткен. Халықаралық ұйымдар мен жергілікті құқық қорғаушылар зерттеуге халықаралық сарапшыларды араластыруға үндегенмен билік ұсынысты қабылдамаған.
ПІКІРЛЕР