Accessibility links

Ереванда оппозиция жақтастары мен полиция қақтығысып, ондаған адам жараланды


Армян оппозициясы мен полиция арасындағы қақтығыс. Ереван, 3 маусым 2022 жыл.
Армян оппозициясы мен полиция арасындағы қақтығыс. Ереван, 3 маусым 2022 жыл.

3 маусымда Армения астанасы Ереванда оппозиция мен полиция қақтығысып, ондаған адам жараланды. Наразылар биліктің Таулы Қарабақтағы даулы аймақты шешу талпынысына көңілі толмайды.

Жұма күні кешке полиция қызметкерлері наразыларды премьер-министр Никол Пашинян тұратын саяжайдан аластату үшін құлақ тұндыратын граната қолданды.

Денсаулық сақтау министрлігі 3 маусымда түнде 50 адамның дәрігерлер көмегіне жүгінгенін хабарлады, 34-і – полиция қызметкері. Министрліктің айтуынша, бір адамның жағдайы ауыр.

4 маусымда таңертең тараған полиция ақпаратына сәйкес, 11 адам ұсталған. Олар "полицияға күш қолданды" және "полицияның заңды талабына бағынбады" деген күдікке ілінген. Тергеу амалдары басталған.

3 маусым күнгі наразылық сәуірдің аяғынан бері басталған үкіметке қарсы наразылықтардың ең ірісі. Наразылар "Таулы Қарабақ мәселесіне келгенде билік Әзербайжанның ығына жығылды" деп санайды. Олар премьер-министр Никол Пашинянның отставкасын талап етіп жатыр.

Сәуір айында Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Таулы Қарабақ мәселесін шешу үшін бейбіт келісім жобасын қарастыра бастаған. Ортақ шекараны белгілейтін комиссия да жуырда жұмысын бастауы тиіс. Содан бері елде наразылық өршіген. Өткен аптада Пашинян мен Әлиев кездесіп, болашақ келісімді талқылады.

Армения 2020 жылы күздегі соғыстан кейін Таулы Қарабақтағы бірқатар аудандарды Әзербайжанға қайтарған. Содан бері оппозиция жиі наразылық өткізіп келеді.

Жұма күні басым бөлігі Пашинян жақтастарынан құралған армян парламенті Таулы Қарабақ бойынша мәлімдеме қабылдағысы келген оппозицияның кезектен тыс отырысын өткізбей тастаған. Оппозиция мәлімдемеге "Таулы Қарабақ – Әзербайжан құрамында қалмауы тиіс" деген сөйлем енгізгісі келген. Ал басқарушы партия мүшелері парламент отырысына бойкот жасап, қатыспаған. Соның салдарынан кворум жиналмай, мәлімдеме қабылданбады. Артынша оппозиция қала орталығына жиналып, наразылық өткізді. Бастапқыда олар үкімет ғимаратының жолын жауып, артынша екі шақырым жердегі үкімет мүшелерінің саяжайына қарай жылжыған. Полициямен қақтығыс сол арада болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG