Еуроодақ, АҚШ және Ұлыбритания кейінгі бірнеше аптада тұрақты түрде кездесіп, Украинадағы соғысты келіссөз арқылы тоқтату жоспарын талқылап жатыр. Бұл жөнінде бірнеше дереккөзге сүйенген CNN арнасы хабарлады.
Телеарна дереккөзінің айтуынша, кездесу кезінде Италия ұсынған жоспар да талқыланған. Рим Қырым мен Донбастың толық автономиясы мәселесін қарастырған.
CNN жазуынша, бұл кездесудің мақсаты – қақтығысты бейбіт реттеу жоспарының нобайын жасап, кейін Украинаға талқыға ұсыну.
Украина бұл талқылауларға тікелей қатысып жатқан жоқ. CNN жазуынша, бұл АҚШ-тың "Украина жайлы Украинасыз талқылауға болмайды" деген ұстанымына қайшы. Телеарна АҚШ-тың Украинаға қысым жасамағанын және оны Ресеймен келіссөзге итермелемегенін атап өтеді.
Бұл талқылаулардың соңы Ресей мен Украина келіссөзіне жетелей ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Телеарна мәліметінше, әзірге Вашингтон қақтығысты дипломатия арқылы шешу мүмкіндігін көріп отырған жоқ.
Қарай отырыңыз: Соғыстың 100-күні. Ресей мақсатына жетті ме? (3 маусым 2022 жыл).