Accessibility links

Қазақстан санкцияға ілінбес үшін экспортқа шығаратын мұнайының атауын өзгертті


Қашаған мұнай кенішінің инфрақұрылымы.
Қашаған мұнай кенішінің инфрақұрылымы.

Қазақстан санкцияға ілінбес үшін Ресей теңіз порты арқылы экспортталатын мұнайының атауын KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) деп өзгертті. Бұл жөнінде Reuters агенттігі хабарлады.

"Жуырдағы геосаяси өзгерістерге байланысты... және оның Ресей порты арқылы [тасымалданатын] Қазақстан мұнай экспортына теріс әсері болмас үшін 2022 жылдың маусымынан бастап KEBCO атауы пайдаланылады" деп жазылған Ресей порты арқылы мұнайын шетелге тасымалдайтын "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясы хабарламасында.

Ресей порты арқылы транзит жасайтын қазақстандық мұнай компанияларындағы төрт дереккөз ақпаратты растап, жаңа атау 6 маусымнан бастап ресми түрде пайдаланылатынын жеткізді.

Дереккөзге сүйенген агенттіктің жазуынша, Қазақстан энергетика министрлігі мұнай маркісінің атауын өзгерту мәселесіне байланысты үкіметке жүгіну мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал нарық қатысушылары жаңа атауды қолдана бастаған. Энергетика министрлігі әзірге түсініктеме бермеді.

Ресейдің батысындағы порттардан әкетілетін ресейлік Urals шикі мұнайы кейінгі кезде санкцияға байланысты сатып алушы табуда қиындыққа кезіккен. Осы апта басында ЕО 2022 жылдың соңынан бастап Ресей мұнайын импорттауға эмбарго салған.

Қазақстан мұнайын экспорттау үшін Ресей порттарын пайдаланады. Дегенмен әзірге, Ресейге қарсы санкцияға тікелей ілінбеді. Алайда трейдерлердің сөзіне қарағанда қазақстандық шикізатты бірнеше рет Ресейдікі деп ойлап қалған оқиғалар кездескен.

"Біздің мұнайымыз санкцияға ілінбес үшін осындай шара қажет, ал жаңа атауда оның қайдан әкелінгені нақты көрсетілген" деді Қазақстан мұнайын Ресей порттары арқылы тасымалдаумен айналысатын трейдер Reuters агенттігіне.

Дереккөздің хабарлауынша, қазақстандық мұнай өндірушілер мұнайының жоғары бағаланып, сауданың жеңіл өткенін қалайды. Қазір ресейлік Urals Brent-ке қарағанда едәуір арзан сатылып жатыр. Бұдан зардап шеккен қазақстандық экспортерлер KEBCO'ны Urals-ға қарағанда қымбатырақ сатуды мақсат етіп отыр.

Осы аптада ЕО Ресейге жаңа санкция салды, ол Ресей мұнайына ішінара эмбарго салуды да көздейді. Оған сәйкес, Еуроодақ алты ай бойы Ресей мұнайынан, сегіз ай бойы мұнай өнімдерінен бас тартады. Ақпарат бойынша, географиялық жағдайға байланысты баламасы жоқ мұнай құбырлары арқылы тасымалданатын шикізатқа қана уақытша шектеу қойылмайды.

Мұнай-газдан түсетін табыс көлемі Қазақстан жалпы ішкі өнімінің 35 пайызын құрайды. Қазақстан экспортының 75 пайызын көмірсутек құрайды.

XS
SM
MD
LG