Accessibility links

Маңғыстауда әскери бөлімде сарбаз "асылып өлген". Туыстары оның өзіне қол жұмсағанына сенбейді


Әскери бөлім. Көрнекі сурет.
Әскери бөлім. Көрнекі сурет.

4 маусымда Маңғыстау облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген Түркістан облысы Сарыағаш қаласының тұрғыны 19 жастағы Еділ Тешебаевтың "белдікке асылып өлгені" туралы қаралы хабар тарады. Туыстары Тешебаевтың өзіне қол жұмсағанына сенбейді, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан іске араласуын сұрады.

Еділ Тешебаевтың ағасы Нұржаусын Тешебаевтың Азаттыққа айтуынша, қаралы хабар сенбі күні таңертең жеткен. Өзін шекара қызметінің өкілі деп таныстырған адам "інісінің таңғы сағат бестер шамасында дәретханада өз белдігіне асылып қалғанын" хабарлаған.

- Інімнің өзіне қол салуы мүмкін емес. Мінезі ашық, көпшілікпен тез тіл табысатын. Әскерден қайтуына үш ай қалған. Соңғы кезде күн санап жүрді. Ініммен түнде сөйлестім. 5 мың теңге ақша салшы деді. Ақшам болмай сала алмадым. Соңғы уақытта қайта-қайта ақша сұрай берді. Өлер алдында хат қалдырды дейді. Інімнің жазуын танимын. Хатты көрдім, жазған ол емес. Әлімжеттік болды ма деп күдіктеніп отырмыз, - дейді ол.

Еділ Тешебаевтың денесін Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан Сарыағаш қаласына алып келу үшін әкесі мен туысқандары жолға шыққан.

Ол 2021 жылдың тамыз айында өз еркімен әскери борышын өтеу үшін кеткен. Марқұмның туыстары іс тергеуінің әділ өтуіне күдікпен қарап, оған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласып, бақылауға алуын сұрайды.

Азаттық Еділ Тешебаевтың отбасына қаралы хабар жеткізген Бейнеу шекара қызметінің өкіліне хабарласты. Ол Тешебаевтың қайтыс болғанын растағанымен, басқа ақпарат бере алмайтынын, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ресми өкіліне хабарласуды сұрады. Шекара қызметінің баспасөз қызметімен сөйлесу әзірге мүмкін болмады.

Дәл осы оқиға туралы ақпарат тарағаннан кейін сенбі күні кешке қарай Ақорданың баспасөз қызметі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың армиядағы жиілеп кеткен адам өліміне қатысты арнайы комиссия құруды тапсырғанын хабарлады.

"Мемлекет басшысы осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды. Осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатын болады" деп жазылған Ақорда хабарламасында. Хабарламадан үзіндіні Қазақпарат келтірді.

Сәуірде Жамбыл облысындағы әскери бөлімде келгеніне төрт күн болған 18 жастағы Әлібек Қалбай есімді сарбаз жұмбақ жағдайда қайтыс болған еді. Бастапқыда сарбаздың "таңертеңгі сапқа тұру кезінде есінен танып қалғаны", артынша мерт болғаны хабарланған. Кейін қорғаныс министрлігі "Әскери қызметшiлер қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу" (ҚК 440-бабы, 4-бөлігі) бабы бойынша іс қозғалып, күдікті анықталғанын мәлімдеді.

Қарай отырыңыз: "Қабырғасы майысқан". 18 жастағы бала әскерге алынған төрт күннен соң көз жұмды (25 сәуір 2022 жыл).

"Қабырғасы майысқан". 18 жастағы бала әскерге алынған төрт күннен соң көз жұмды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:50 0:00

Қазақстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың қаза болғаны немесе "суицид жасағаны" жайлы ақпарат жиі шығады. Былтыр қазанда Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген жауынгердің "өз-өзіне оқ атып" мерт болғаны хабарланған. Бірақ марқұмның туыстары ресми хабарламаға күмәнмен қараған. Оның алдында көктемде Жамбыл облысында бір сарбаз казарма терезесінен секіріп мерт болды. Сарапшылар әскери бөлімдерде әлімжеттік жиі кездесетінін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG